Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы мен ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы» Жарлығының жобасы ұсынылды.

Министр атап өткендей, сыртқы және ішкі ахуалға байланысты, Қазақстан экономикасының 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік даму сценарийі әзірленді. Базалық сценарий кезіндегі ЖІӨ орташа жылдық өсу - 4,8%, оптимистік - 5% және пессимистік - 4%.

Бюджеттік жоспарлау үшін Ұлттық экономика министрлігі басшысы негіз ретінде базалық сценарийді пайдалануды ұсынды.

«Базалық сценарийде ЖІӨ нақты өсуі 2022 жылы 3,9% деңгейінде болжанады. 2026 жылы ол 5,2%-ке дейін жеделдейді. Номиналдық ЖІӨ 2022 жылы 87,1 трлн теңгені, ал 2026 жылы 119,9 трлн теңгені құрайды», - деді ҰЭМ басшысы.

Барлық негізгі салаларда оң өсу күтіледі. 2022 жылы мұнай өндіру  2026 жылы 107,4 млн тоннаға арту арқылы 87,9 млн тонна болады. Макроэкономикалық көрсеткіштер дерегін есепке алу арқылы бюджеттік параметрлер болжамы жасалды. Ол бойынша республикалық бюджет кірісі 2022 жылы - 9,2 трлн теңге, 2023 жылы - 9,7 трлн теңге, 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды. Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасының шеңберінде Ә. Ерғалиев кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы - 2,4 трлн теңге, 2023 жылы - 2,2 трлн теңге және 2024 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттауды ұсынды.

Сонымен қатар Ұлттық қордан нысаналы трансфертті 2022 жылы 550 млрд теңге, 2023-2024 жылдарда жылына 400 млрд теңге мөлшерінде тарту ұсынылады.

Бюджет тапшылығы 2022 жылы ЖІӨ-ге 3,3% деңгейінде болжанып, 2024 жылы ЖІӨ-ге 2,5%-ке дейін төмендейді.

Республикалық бюджет шығысы 2022 жылы - 15,9 трлн теңге, 2023 жылы - 15,6 трлн теңге және 2024 жылы 16 трлн теңге көлемінде болжануда.

«Халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында экономиканың тұрақты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін макроэкономикалық көрсеткіштерді тұрақтандыру шаралары қабылданады», - деді Әсет Ерғалиев.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша айтылған тәсілдер, заң жобалары мен Жарлық жобасы мақұлданды.

2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Елбасының стратегиялық бастамаларына қол жеткізу, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес әзірленді.