Санкцияның кесірінен Ресейде әлемдік қос алып Visa мен Mastercard төлем жүйелерінің Мир атты баламалы жүйесі пайда болаған еді.

Енді Қазақстан Ресейдің жолымен өз төлем жүйесін дайындап жатыр.

Кеше Мемлекет басшысының қабылдауында болған Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев қазақстандық төлем жүйесінің дайындалу барысымен таныстырылды. Бас банкирдің айтуынша, отандық төлем жүйесі 2022 жылдан бастап іске қосылмақ.

Сонымен қатар бас банкир халық салымдарының тұрақты түрде долларсызданып келе жатқаны, экономиканың нақты секторын несиелеудің өсуі  туралы баяндады.

Мемлекет басшысына 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ақша-кредит саясатын іске асырудың алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берілді. Сондай-ақ Қазақстан экономикасының өсімін 3,6-3,9 пайыз деңгейде жақсарту және коронавирустың жаңа штамдарының салдарынан ел экономикасын қайта қалпына келтіруге кедергі болатын негізгі қауіп-қатерлер туралы баяндалды.

Президентке биылғы 6 айдағы инфляцияның 7,9 пайызға дейін жедел өсуі, ішкі азық-түлік нарықтарындағы теңгерімсіздік, сондай-ақ, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі және орталық банктердің ақша-кредит шарттарын қатаңдатуға көшу үрдісі жайында айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның валюта нарығындағы ахуал, Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі жөнінде ақпарат берілді.

Мемлекет басшысына депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерді бағалау моделі ұсынылды және цифрлық қаржылық экожүйелерді теңгерімді реттеу жөніндегі тәсілдер туралы айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент бірқатар нақты тапсырма берді.