«Астана» халықаралық қаржы орталығы Финтех хабы Starta Ventures америка-ресей венчурлік қорымен және Qazangels бизнес-періштелер клубымен бірлесіп 11-13 мамыр аралығында Венчурлі Инвестициялау Мектебін іске қосады.

Үшкүндік онлайн бағдарлама бастауыш және өз портфельдерін әртараптандырғысы келетін тәжірибелі инвесторларға арналған. Оқу барысында венчурлік инвестиция нарығы қалай жұмы істейді, стартаптарды бағалау мен таңдау, келіссөздер кезеңі, көп жіберілетін қателіктерден қалай сақтану керек деген секілді инвестициялық тақырыптар қозғалады.

Мектеп 2021 жылғы қаңтардың соңында АХҚО Финтех табы мен Titanium Technologies жаһандық ғылыми-технологиялық және инновациялық компаниясымен бірлесіп іске қосылған стартаптар экожүйесіне инвестициялау мен оларды басқару платформасы – VentureRocket Eurasia платформасында өтеді.

Платформа стартаптарға өңірлік және жаһандық баламалы капитал көздерін тарту мүмкіндігін ұсынады. Инвесторлар үшін бұл платформа сенімді стартаптармен ынтымақтастық орнатуға, серіктестермен бірге қаржы салуға, стартаптар портфелін қолдау үшін жаһандық экожүйе қатысушылар желісіне қосылуға теңдессіз мүмкіндік.

Жалпы, 2020 жылдың тамыз айынан бері АХҚО алаңында 2 млн доллардан артық қаражатқа венчурлі инвестициялық келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар, АХҚО ТМД елдерінің юрисдикциясында алғаш болып айырбасталатын қарыз секілді инвестицияның жаңа құралы пайдаланылды.

«АХҚО юрисдикциясы енді дамып келеді. Алайда ондағы принциптер ТМД елдеріндегіден озық. ТМД елдеріндегі ең үздік жоба деуге болады», – дейді Starta Ventures негізін қалаушылардың бірі және бас серіктесі, Венчурлі Инвестициялау Мектебінің спикері Алексей Грин.
«VentureRocket Eurasia платформасын құрғандағы мақсатымыз Орталық Азия мен ТМД-дағы венчурлі инвестициялау нарығының әлеуетін іске асыру.

Инвесторлар стартаптарға қаражат салғанда тәуекелдерді дұрыс бағалауы үшін, инвестициялық келісімшарттарды құрғанда кейбір мәселелерге мән беруі үшін және осы саладағы өзге де жағдайларды бағамдап үйренуі үшін өз білімдерімізбен және тәжірибелерімізбен бөліскіміз келеді», – дейді VentureRocket Eurasia атқарушы директоры, Венчурлі Инвестициялау Мектебінің спикері Арслан Құдияр.

Венчурлі Инвестициялау Мектебіне 10-мамырға дейін мына сілтеме арқылы тіркелуге болады: https://venturerocket.vc/ru/education/.