Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмасымен биыл 26 ақпанда Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданған еді. Жаңа жүйеге түрлі салаларды дамыту тұжырымдары мен ұлттық жобалар түріндегі жаңа құжаттар кіреді. Сонымен қатар, бұрын ресми түрде осы жүйеге кіріп, бірақ мемлекеттік секторда болған кешенді жоспарлар, жол карталары мен бағдарламаларды дайындау процесі де аталған құжат арқылы реттеледі. Яғни, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі әр саладағы құжаттардың басын бір арнаға тоғыстырмақ. Екіншіден, осы бағытта алда қабылданатын басқа да құжаттарды регламенттеу де осы бір жүйе арқылы жүзеге асады.

«Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі аясындағы құжаттар саны 285-тен 88-ге азайғанын да айта кету керек. Жалпы, жаңа жүйе Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының мақсаттарына жету бағытын сақтау мақсатында қолданыстағы құжаттарды реттеумен қатар жаңа құжаттарды да қамтыған. Мұның бәрі «адамға бағытталған», яғни әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін арттыру қағидасы басты ұстаным болып қалмақ», дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов.

Ұлттық жобаларға келер болсақ, олар «Қазақстан-2050» стратегиясы, Жалпыұлттық басымдықтар мен Ұлттық даму жоспарының мақсаттары негізінде құрылады. Барлық 10 жалпыұлттық басымдықтар үш негізгі санатқа бөлінді. Атап айтқанда олар: азаматтардың әл-ауқаты, институттар сапасы мен экономика қуаты. Бұл басымдықтар сонымен қатар 2025 жылға дейінгі Қазақстанның Ұлттық даму жоспарының негізіне айналды.

Ұлттық жобалар қалай орындалады?

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының мақсаттарына жету бағытын сақтау мақсатында қолданыстағы құжаттарды реттеумен қатар жаңа құжаттарды да қамтыған. Соның ішінде Даму тұжырымдамасы мен Ұлттық жобалардың енгізілгенін айта кеткен жөн.

Даму тұжырымдамасы өңіраралық және салааралық, ұзақмерзімді және ортамерзімді мәселелер бойынша жүзеге асырылып жатқан саясатты анықтамақ. Бұл өз кезегінде нақты ұлттық жобалардың дайындалуына мүмкіндік береді. Ал Ұлттық жобалар Жалпыұлттық басымдықтарға жету үшін қажетті Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының мақсаттары, міндеттері мен көрсеткіштеріне қол жеткізуге арналған құжат. Оны орындау үшін бюджет қаражатын бөлгенде де айтарлықтай басымдықтар берілмек. Ұлттық жобалардың өз деңгейінде орындалуы 2025 жылға дейінгі елдің негізгі даму жоспарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ұлттық жобалар басқа бір құжат Даму тұжырымдамасына қарап дайындалады.

Жалпы, Ұлттық жобалар үш негізгі талапқа сай келуі керек. Атап айтқанда, олар, біріншіден, тұтас елге оң өзгеріс әкелуі тиіс. Екіншіден, оны орындауда жобалық әдіс пайдаланылуы керек. Қарапайым тілмен айтқанда, жоба дайындалған кезде нақты және ақырғы циклі көрініп, қанша қаражат жұмсап, қанша пайда беретіні анық болуы тиіс. Үшіншіден, «адамға бағытталған» болуы керек. Яғни, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын арттырып, мәселелерін шешіп, әл-ауқатын көтеруі шарт. Сонымен қатар, Ұлттық жобада көрсетілген нәтижеге қол жеткізбеген жағдайда нақты тұлғаның жауапкершілігі қарастырылады. Яғни, жобаны басынан бастап іске асырған кезде және соңғы нәтиже көрінгенге дейін жауапты адам болмақ. Ең бастысы жобаларды іске асырғанда оны орындау барысынан гөрі нақты нәтижеге жеткен-жетпегеніне қарап бағаланатын болады.

Ұлттық жобалар қоғам пікірін де ескереді

«Ақпан-наурыз айларында мемлекеттік органдар тарапынан 30-40 жоба ұсынылды. Соның ішінен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі тарапынан 18 жоба іріктеліп алынды. Іріктеліп алынбай қалған кей жобалар Ұлттық жоба болмағанымен, соған ұқсас кең ауқымды жобалардың құрамына енгізілді», дейді Қ.Келімбетов.

Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігінің «Бұқаралық спортты дамыту» жобасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің 3 жобасы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына енді. Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін дамыту жобасы мен Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштерді жаңғырту жобасы «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының бір бөлігіне айналды. Ал «Бәсекеге қабілетті экономика» ұлттық жобасы индустриялды даму, туризм және сауда секілді салаларды дамытуды көздейді.

Жалпы, Ұлттық жобаларды дайындау, бекіту және іске асыру мемлекеттік органдар арасындағы терең байланысты талап ететіні анық. Осы орайда, әрбір Ұлттық жоба мынадай сүзгіден өтеді. Ұлттық экономика министрлігі экономикалық негіздемесін қараса, Қаржы министрлігі қаржыландыру жағын бағалайды, ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құжаттың Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне қаншалықты сай екенін тексереді. Артынша құжат Үкіметтің алдынан өтіп, ҚР Президенті Әкімшілігінің қарауына жіберіледі. Одан кейін Президент жанындағы Реформалар жөніндегі Жоғарғы Кеңеске түседі. Ең ресми түрде Үкімет Қаулысымен бекітіледі.

«Сонымен қатар Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық жобалардың депутаттық корпустың алдынан өткені де жөн деп санайды. Бұл бюджет қаражатын пайдалану жағынан үйлесімділік пен сайлауалды шараларға да қатынасуына жол ашпақ», дейді агенттік төрағасы. Қ.Келімбетовтың пікірінше, «адамға бағытталған» Ұлттық жобалар қоғам мен сарапшылардың да пікірін ескергені жөн. Бұл Мемлекет басшысының «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына сай болмақ. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да шараға белсенді араласпақ.

Тамыздан бастап іске асырыла бастайды

Төрағаның мәліметінше, Ұлттық жобаларды дайындаудың бірінші кезеңінде агенттік пен Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдардың араласуымен және Үкімет басшысының қатысуымен бірнеше талқылау өткізді. Қазіргі таңда Реформалар жөніндегі Жоғарғы Кеңестің қарауына цифрландыру мен агроөнеркәсіптік кешен бойынша екі Ұлттық жоба жіберілді.

«Қазіргі таңда агенттік пен Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жасап жатыр. Талдау қорытындысы Ұлттық жобаларды қай бағытта дайындау керектігін нақты көрсетеді», дейді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, мамыр-маусым айларында Ұлттық жобалар Үкімет басшысы мен Мәжіліс депутаттары деңгейінде талқылауға шығарылмақ. Осы уақытта қоғам, сарапшылар мен ұлттық кәсіпкерлер палатасы құжатты талқылауға мүмкіндік алады. Жалпы Ұлттық жобаларды тамыз айынан бастап іске асыру жоспарланған.