Сақтандыру шартын жасағанда нені ескеру керек

Сақтандыру шарты – сақтандыру ұйымы арқылы сақтандырушы және жеке тұлға (азамат) немесе заңды тұлға (компания) арқылы сақтанушы арасында жасалатын құжат, оның талаптарына сәйкес сақтандырушы шартта көзделген сақтандыру оқиғасы басталған кезде сақтанушыға төлем жасауды жүзеге асыруға міндеттенеді.

Cақтанушы сақтандыру ұйымына (сақтандырушыға) сыйлықақы төлейді, ал сақтандыру ұйымы (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға қажетті төлемдерді жүргізуге өзіне міндеттеме алады.

Білгеніңіз маңызды! Егер сіз сақтандыру шартын жасағыңыз (сақтандыру полисін ресімдегіңіз) келсе, онда, ең алдымен өзіңіз таңдап алған сақтандыру компаниясының лицензиясымен танысып, білу ұсынылады. Есіңізден шығармаңыз, сақтандырушылар өз қызметтерін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензия болған жағдайда ғана жүзеге асыруға құқылы.

Сақтандыру ұйымдарының тізімімен Агенттіктің «www.gov.kz» сайтында «Қызмет» – «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінде танысуға болады. 

Шартта қандай мәселелер қамтылуға тиіс? 

 Сақтандыру туралы шарт сақтандырушы жөнінде, сонымен қатар сақтанушы жөнінде, сондай-ақ олардың арасында жасалған мәміленің мән-жайы кіретін ақпаратты қамтиды.

Клиенттің аты-жөні мен сақтандыру компаниясының атауынан басқа, құжатқа заңнамаға сәйкес Тараптардың барлық қажетті деректемелері енгізіледі: 

  • мекенжайлары (орналасқан жерлері);
  • сақтандырушы мен сақтандыру агентінің (ол бар болса) байланыс нөмірлері;
  • БСН және ЖСН, сондай-ақ басқа да мәліметтер.

 Шартта міндетті түрде:

  • сақтандыру объектісі;
  • сақтандыру жағдайлары;
  • валюта түрлері;
  • сақтандыру сыйлықақысын және сол сияқты сақтандыру төлемін де жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері және олардың мөлшері;
  • болған жағдайда жеңілдіктер мен шегерімдер көрсетіледі;
  • сақтандыру агентіне тиесілі комиссиялық сыйақының болуы немесе болмауы;
  • сақтандыру полисінің жасалған күні және қолданылу мерзімі;
  • егер бұл сақтандырушының бланкісіндегі қағаз нысан немесе дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым берген сақтандыру полисінің бірегей нөмірі болса (электрондық нысанда), оның нөмірі;
  • сақтанушыны немесе сақтандырылушыны сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті жетіспейтін құжаттар туралы хабардар ету мерзімі көрсетіледі;
  • сақтандыру полисінің қолданылу аумағы көрсетіледі.

Сондықтан сақтандыру шартына қол қоймас бұрын оның мазмұнына, оның құрамына не кіретініне, онда қандай маңызды мәселелер көрсетілетініне назар аудару қажет.

Сақтандыру шартының талаптарына ерекше назар аударыңыз

Сақтанушы шарттың барлық талаптарын зерттемей, құжатқа қол қоятын жағдайлар жиі болады. Кейіннен ол шартта өзі келіспейтін тармақтар бар екенін түсінеді. Мысалы, бұл сақтандыру сомасының немесе сақтандыру төлемінің мөлшері болуы мүмкін.

Сондықтан сақтандыру шартын жасамас бұрын, оның сіздің мүдделеріңізге сәйкестігі жөніндегі талаптарын егжей-тегжейлі зерделеңіз. Сақтандырушының өкілінен қолайсыз оқиғалардан қорғалғаныңызға сенімді болу үшін күмән тудыратын шарттың ережелері туралы түсініктеме беруін сұраудан тартынбаңыз.

Шартқа оның барлық талаптарымен келіспейінше қол қоймаңыз.

Сақтандыру шартына қол қоймас бұрын, оның мазмұнына назар аударуыңызды сұраймыз, атап айтқанда:

  • Сақтандыру жағдайларының тізімі. Белгілі бір сақтандыру төлемі төленетін жағдайлар. Сақтандырушы өтемақыны тек шартта/полисте жазылған және тек көрсетілген жағдайларда болған тәуекелдер мен сақтандыру жағдайлары бойынша ғана төлейтінін біліңіз.
  • Сақтандыру жағдайларынан ерекше жағдайлардың тізбесі. Бұл ерекше жағдайларға олар орын алған кезде сақтандырушы сақтандыру төлемін төлемеу құқығын өзіне қалдыратын жағдайлар жатқызылады.
  • Франшизаның болуы және мөлшері. Франшиза — бұл сақтанушының сақтандыру шығынын өтеуге өзінің қатысуы. Франшиза мөлшері сақтанушы сақтандыру жағдайы басталған кезде өз бюджетінен төлейтін соманы көрсетеді.  
  • Сақтанушының сақтандыру жағдайы басталған кездегі іс-қимыл тәртібіБұл орайда сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету мерзімі мен тәртібі өте маңызды екендігін ескерген жөн. Егер хабардар етудің мерзімі немесе тәртібі бұзылса, дәлелді және объективті себептер бойынша хабарламау жағдайларын қоспағанда, бұл сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту үшін негіз болуы мүмкін.

Мысалы, азамат жазатайым оқиғаға тап болды болды және ол сақтандыру шартын жасады. Егер ол орын алған оқиға туралы сақтандырушыға хабарлай алмаса, мысалы, ауруханада жатса, онда бұл дәлелді себеп.

Сақтандыру жағдайы басталған кезде мынадай әрекеттер алгоритмін орындау қажет:

  • Сақтандыру компаниясын шартта белгіленген мерзім ішінде жазбаша өтінішіңізді ұсыну арқылы барынша жылдам хабардар етіңіз.
  • Сақтандыру шартында көрсетілген әрекеттердің біртіндеп орындалуын қадағалаңыз.
  • Сақтандырушыға барлық растаушы құжттарды, материалдарды дайындап беріңіз. Бұл сақтандыру жағдайына қатысты туындайтын даудың алдын алу үшін қажет.

Сақтандыру төлемін тек қана сақтандыру компаниясына қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін және шарттың барлық талаптарын сақтаған жағдайда ала аласыз.

Сақтандыру шарты нақты тәуекелдер мен нақты төлемдерді көрсетуі қажет. Сақтандыру компаниясын таңдауда өте мұқият болыңыз. Ол сенімді әрі оның сақтандыру төлемдерінің тетігі реттелген болуы шарт.

Сақтандыру ұйымдары заңнама талаптарын бұзғаны үшін оларға тиісті шаралар, атап айтқанда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген негіздер бойынша айыппұл өндіріп алу түріндегі шаралар қолданылатынын есіңізде сақтаңыз.

Егер сізге сақтандыру қызметтерін көрсету және қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде құқықтарыңызды қорғау мәселелері бойынша кеңес қажет болса, Сіз кез келген уақытта Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне аласыз. 

Рұқсатсыз көшіруге тиым салынады!:Naryk.kz | Нарық.кз » Сақтандыру шартын жасағанда нені ескеру керек

Ұнады (0)