Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ҚР 2021 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндады.

Министр атап өткендей, ағымдағы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы байқалады. Кен өндіру өнеркәсібін есептемегенде, нақты секторда өсу 7,9%-ке жеделдеді. Кен өндіруді қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестиция 34%-ке өскен. Жылдық инфляция 7%-ке бәсеңдеді. Нақты сектордағы салалардың көпшілігі орнықты өсуді көрсетті. Бұл құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеуші өнеркәсіп, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы. Ақпарат және байланыс саласында да 9,9%-ке өсу байқалды.

«Нәтижесінде, ЖІӨ өсу қарқыны қаңтар-ақпанда минус 2,9%-тен қаңтар-наурызда минус 1,6%-ке жақсарды», - деді Әсет Ерғалиев.

Машина жасау саласындағы өсу қарқыны 21,8%, автомобиль құрастыру – 20,7%, құрылыс материалын өндіру – 30,1%, химия өнеркәсібі өнімі – 14,2%, пластмасса бұйымдары – 22,3%, киім – 25,8%, жиһаз – 19,2%, фармацевтика – 9,1%-ке жеделдеді.

Өңдеуші өнеркәсіп қарқыны сақталуда – өсу 7,5%. 13 өңір оң өсу көрсетті. Нұр-Сұлтан қаласында бетон, тазартылған алтын, теміржол вагоны мен локомотив өндіру есебінен, Алматы қаласында металл құрастыру, автобус пен бетон өндіру есебінен, Алматы облысында темекі өнімі мен аккумулятор өндірісінің артуы есебінен айтарлықтай ұлғаю байқалды.

Ә. Ерғалиевтің айтуынша, өңдеуші өнеркәсіпке салынған инвестиция 2,4 есе, ақпарат және байланыс саласы 6,3%-ке, ауыл шаруашылығы 55%-ке, көлік 42%-ке, құрылыс 39%-ке, сауда 29%-ке және жылжымайтын мүлік операциялары 16%-ке өскен.

Бұдан басқа, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ке артқан. Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында жоғары өсу байқалады. Бірінші тоқсанда 2,9 млн шаршы метр үй іске қосылды, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 8,6%-ке жоғары.

Ауыл шаруашылығындағы орнықты өсу 2,8%. 13 өңірде оң динамика байқалады. Ақмола облысы мал мен құс етін, сүт өндірудің артуы есебінен едәуір өсуді көрсетті.

Ұлттық экономика министрлігі басшысы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ағымдағы жағдайдағы экономикалық белсенділікті ұстап тұруға мүмкіндік беретін экономиканы ынталандырудың белсенді шараларына назар аударуды ұсынды.

«Кәсіпкерлерді қолдау үшін бизнесті қолдау бағдарламасы шеңберінде жеңілдікпен кредиттеу үшін ШОБ жобалары пулын құру, ірі компаниялармен инвестициялық келісім жасауды күшейту, көктемгі-егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы өткізу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу және тұрақты жұмыс орындарын құру қажет», - деді Әсет Ерғалиев.