Бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылғы қаңтар-ақпандағы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндады.

Министр атап өткендей, іскерлік белсенділікті қалпына келтірудің негізгі шарты эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы болып табылады.

«А.ж. ақпанда Moody’s, Fitch Ratings және Standard and Poor’s халықаралық рейтингтік агенттіктері Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингін пандемияға дейінгі инвестициялық деңгейде растады. Пандемия жағдайында Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингінің расталуының басты факторлары: экономиканың нақты секторының өсу орнықтылығының жоғары деңгейі, экономика мен халық табысын қалыпқа келтіруші өсудің жоғары әлеуеті, дағдарысқа қарсы шараларды қалыптастыру икемділігі мен тиімділігі, сондай-ақ едәуір фискалдық резервтер. Осының аясында халықаралық рейтингтік агенттіктер 2021  жылға Қазақстанның ЖІӨ өсуін 3,2-3,8% деңгейінде болжап отыр»,- деді Ерғалиев.

А.ж. қаңтар-ақпанның қортындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштер оң үдерісті көрсетті. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 6,3%-ке дейін жеделдеді. Негізгі капиталға инвестициялар кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, 13,3%-ке өсті. Жылдық инфляция өткен айдағы 7,4% деңгейінде сақталды.

«Кен өндіру өнеркәсібінен басқа, нақты сектордың барлық салалары тұрақты өсуді көрсетті. Олар құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары. Сонымен қатар, ақпарат пен байланыс саласы 9,4%-ке өсу көрсетті. Нәтижесінде, ЖІӨ өсу қарқыны а.ж. қаңтардағы минус 4,5%-дан қаңтар-ақпанда минус 2,9%-ке дейін жақсарды», - деп атап көрсетті министр.

Өсу қарқыны машина жасауда 21,2%-ке, құрылыс материалдары өндірісінде 22,9%-ке, химиялық өнімдер өндірісінде 14,1%-ке, пластмасса өнімдері өндірісінде 14,2%-ке, киім өндірісінде 19,9%-ке, жиһаз өндірісінде 15,7%-ке, фармацевтикада 9,2%-ке дейін сақталды. Сондай-ақ, көрсеткіштер автомобиль құрастыруда 19,6% деңгейінде өсті.

Ішкі және сыртқы инвестицияларды тартуға келсек, кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсуі 13,3%-ті құрады.

Министрдің айтуынша, инвестициялардың айтарлықтай өсуі ақпарат және байланыс саласында – 2,1 есе, өңдеу өнеркәсібінде – 85%, көлікте – 56%, ауыл шаруашылығында – 40%, саудада – 31%, құрылыста – 25% және жылжымайтын мүлік операцияларында – 18% деңгейінде байқалды.

Көп өңір жоғарғы инвестициялық белсенділік танытуда. Ең жоғарғы көрсеткіштер өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын алудың өсуі есебінен Шымкент қаласында, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту есебінен Жамбыл облысында, күн электрстансалары мен көпсалалы туристік кешен салу есебінен Түркістан облысында байқалады.

Бұдан басқа, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7%-ке ұлғайды. Мәдениет және спорт нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер мен инженерлік ғимараттар құрылысының өсуі есебінен Түркістан облысында, денсаулық сақтау нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер мен автокөлік жолдарының құрылысы есебінен Шымкент қаласында. денсаулық сақтау және тау-кен өнеркәсібі нысандары, инженерлік жүйелер құрылысы есебінен Ақмола облысында  жоғары өсу байқалады.

Ауыл шаруашылығында өсу 3,1% деңгейінде байқалды. 13 өңір оң серпін көрсетті. Мал мен құс еті, сиыр сүтін өндірудің артуы есебінен Ақмола облысы ең жоғарғы өсуді көрсетті.

Сөзінің соңында Әсет Ерғалиев қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға белсенді құрылыс жұмыстарының маусымын жедел іске қосу, тікелей әрекет ететін шұғыл шараларды тиімді орындау, Индустрияландыру картасы мен АӨК-дағы импортты алмастыру бойынша жобаларды іске асыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, белсенді инвестиция тарту және инвесторлармен нақты жұмыс жасау бойынша шаралар қабылдау қажет екенін атап көрсетті.