Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкі 2020 жылғы 27 қазандағы шешімімен Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасына мынадай өзгерістер енгізді:

  • төтенше жағдай кезінде зардап шеккен ірі кәсіпкерлік субъектілерін және агроөнеркәсіп кешеніндегі (АӨК) кәсіпкерлерді кредиттеуге қосымша 200 млрд теңге бөлінді;
  • бағдарламаны қолдану мерзімі 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қоса алғанда;
  • ақшаны игеру мерзімі – 2021 жылғы 31 наурызға дейін қоса алғанда ұзартылды.

Ұлттық Банк қабылдаған өзгерістерді іске асыру және Бағдарламамен қамтуды кеңейту мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп төтенше жағдай уақытында барынша зардап шеккен салаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізді.

Нәтижесінде өндеу өнеркәсібінде және қызмет көрсету саласында зардап шеккен қызмет түрлерінің тізбесі айқындалды, оны ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2020 жылғы 18 қарашада Қазақстан Ұлттық Банкіне бекітуге ұсынды.

Бұл тізбе Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының және ҚР Ұлттық экономика Министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы бірлескен бұйрығымен бекітілді.

Тізбеге сәйкес төтенше жағдайды енгізілгеннен кейін шығынға ұшыраған және экономиканың зардап шеккен салаларында қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпорындар жеңілдігі бар кредиттерді алу үшін екінші деңгейлі банктерге өтініш беруге құқылы. Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі – бір қарыз алушыға 6 млрд теңге сомасында лимит белгіленді. Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған лимит – 3 млрд теңге боп сақталды, ал ЖК үшін ол сома – 50 млн теңгеден көп емес.

АПК-ны жеңілдікпен кредиттеу үшін қосымша бөлінген 200 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге лимит бөлінді, оның ішінде 70 млрд теңге екінші деңгейлі банктер арқылы, және 30 млрд теңге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бөлінеді.

Бағдарламаға қатысушылардың көбеюіне байланысты оның атауы Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы деп өзгергенін атап өткен жөн.

Бағдарламаның Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы наурызда қабылданғанын және төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға бағытталғанын еске саламыз.

Осы жылдың 18 қарашасындағы деректер бойынша, екінші деңгейдегі банктер 567,4 млрд теңгеге 2 311 өтініш қабылдады. 1 370 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне (1 168 ШОК және 202 ДК) 455,3 млрд теңге қарыз берілді, оның ішінде 101,6 млрд теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.

Бөлінген қаражаттың ең көп үлесі сауда саласындағы шағын және орта бизнес субъектілеріне – 319 млрд теңге (70%), құрылысқа – 44,9 млрд теңге (9,9%), өңдеуші өнеркәсіпке – 39,8 млрд теңге (8,7%) тиесілі.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Ұлттық Банкінің сайтында танысуға болады.