Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті енгізген тетіктер есебінен арзандату жүргізіледі, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

  1. Объектілер құрылысының құнына лимиттер белгіленді. Өңірлер бойынша бірдей объектілер құрылысының құны бірдей болуы тиіс. Ол үшін нормативтік-техникалық құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілді және барлық әлеуметтік және азаматтық-тұрғын үй объектілерінің құрылысына шекті құнды (лимиттерді) белгілеу бойынша Жол картасы әзірленді.

Лимитті белгілеу ірілендірілген көрсеткіштер негізінде, олар болмаған жағдайда – өткізілген объектілер негізінде жүзеге асырылады. Қолданыстағы "Мемсараптама" РМК порталы базасында лимитті есептеу тетігі автоматтандырылды.

  1. Баға қалыптастырудың айқындығын, ашықтығын және анықтығын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе әзірленді. Бағалауды қалыптастыру толығымен ведомстволық статистика негізінде жүзеге асырылатын болады.
  2. Заңнамаға үлгілік жобаларды міндетті қолдану, жобалардың бірыңғай электрондық банкін құру, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен бірінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілердің сараптамасын мемлекеттік сараптамаға беру бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұл түзетулер бизнес-климатты дамыту мәселелері бойынша заң жобасы аясында әзірленіп, ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілді.
  3. Жобаларды жобалаумен және сараптаумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын қатаңдату жоспарлануда. Сметашыларға қойылатын біліктілік талаптарының тізбесіне, оның ішінде бейінді білімінің болуына талдау жүргізіледі.

Сметалық құжаттама бойынша сараптамалық жұмыстарды жеке мамандандыруға бөлу бойынша НҚА жобасы әзірленді. НҚА жобасы мемлекеттік органдарда келісу сатысында тұр.

  1. Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-сұлтан қаласында пилоттық жобаларды іске асыру жалғасып жатыр. Бекітілген Жол картасына сәйкес заңнамаға түзетулер әзірленді және келісілу үстінде.

Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, қаржыландыру, өткізу жүйесі саласындағы түзетулерді ағымдағы жылдың тамызына қарай бекіту жоспарланып жатыр. Түзетулер енгізу бойынша жауаптылар - ҰЭМ және ҚМ.

Құрылыс саласында-құрылыстың бастапқы құнын анықтау әдістемесі дайындалды.

Тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін әкімдіктер пилоттық жобаларды іске асыра бастайды.

  1. Биылғы жылы құрылыс саласының ашықтығын және цифрландырылуын толық қамтамасыз ететін құрылыс нормаларын цифрландыру және цифрлық модельдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыс басталды.

2020 жылы 36 нормативтік-техникалық құжат, 2021-2023 жылдары – 195 құжат цифрландырылатын болады.

Болашақта, іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттама қолданыстағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына автоматтандырылған режимде тексерілетін болады. Бұл сараптама жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп, жобалардың сапасына және олардың құнын есептеуге оң әсер етеді.