10%-дық ипотеканы рәсімдеу жолдары мен реті

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасымен жеңіл ипотека алудың 7 жолы жария етілді, деп хабарлайды «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі.

Көптеген қазақстандықтар «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы жөнінде естіген. Алайда ол туралы егжей-тегжейлі, бастысы оған қалай қатысуға болатындығы туралы ақпаратты көпшілік біле бермейді.

«Нұрлы жер»  тұрғын үй құрылыс бағдарламасының негізгі операторы «Бәйтерек» холдингі болып табылады. Холдингке кіретін 11 компанияның 5-еуі тікелей бағдарламаны іске асыруға қатысады. Олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазақстандық ипотекалық компания, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры, Даму қоры және «Бәйтерек девелопмент» АҚ.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан қызығушылық танытып отырған ұсыныстардың бірі жылдық 10 %-бен берілетін жеңілдік ипотекасы болып табылады. Бұл бағыт Қазақстандық ипотекалық компанияға (бұдан әрі — ҚИК) бекітіліп берілген. Біз жеңілдік ипотекасын алуға арналған 7 қадамды жасадық.

Бірінші қадам: Сізге ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін банкке құжаттар және субсидия алу үшін өтініш тапсыру қажет. Құжаттар тізімін сол банктен алуға болады.

Екінші қадам: Банк Сіздің төлемге қабілеттілігіңізді, кепілзатпен қамтамасыз етуіңізді бағалайды.

Үшінші қадам: Егер банк оң шешім қабылдаса, үш жұмыс күні ішінде ҚИК-ке субсидия ұсыну туралы өтініш жібереді.

Төртінші қадам: ҚИК өтініш алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Сіздің құжаттарыңызды бағдарламада белгіленген талаптарға сәйкестігіне тексереді.

Бесінші қадам: ҚИК шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банкке шешім қабылдағаны туралы жазбаша хабарлама жібереді.

Алтыншы қадам: Банк ҚИК-тен алынған шешім негізінде Сізбен банктік қарыз шартын, ипотекалық шарт жасайды, төлемдер кестесін құрады, сондай-ақ өз тарапынан субсидияландыру шартына қол қояды және Сіздің тарапыңыздан оған қол қойылуын қамтамасыз етеді және субсидияландыру шартын ҚИК-ке жібереді. Субсидияландыру шартына қол қойылғаннан кейін ҚИК шартқа қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде банкке шарттың екі данасын қайтарады, оның біреуін банк Сізге береді.

Оқыңыз:   Астанадағы "хрущёвкалар" сүріледі

Жетінші қадам: Субсидияландыру шарты оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

Құттықтаймыз, Сіз «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы субсидияланған ипотека аласыз!

Осы орайда, біраз сұрақ туындайды. Сондықтан басқа да толық ақпарат келтіре кетсек.

1. Субсидияландырылған қарыз бойынша қарыз алушыға түпкілікті мөлшерлеме 10%-ды құрайды, мөлшерлеменің қалған бөлігін ҚИК өтейді.

2. Банк ресімдеумен және қарыз берумен байланысты ешқандай комиссия алмайды.

3. Осы бағдарлама бойынша тек тұрғын үй құнынан 30% алғашқы жарнасы болғанда алғашқы тұрғын үйді (жеке сатушының емес, құрылыс компаниясының тұрғын үйі) ғана сатып алуға болады, мұндай қарыз 10 жылға дейінгі мерзімге қаражаттандырылады.

Алматы және Астана қалаларында кредиттің ең үлкен қаражаттандырылатын сомасы 20 млн. теңгені, облыстарда — 15 млн. теңгені құрайды.

4. Қазіргі сәтте, Сіз «Нұрлы жер» шеңберінде ипотека алу үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ және «Банк ВТБ» АҚ-ға өтініш жасай аласыз.