Әрбір тоғызыншы үй мемлекет қаржысына салынып жатыр

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 77 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының 2018 жылғы тоғыз айдағы іске асырылуы туралы баяндады.

«Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылғы кезеңмен салыстырғанда 11,6% жоғары. 77 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты, оның ішінде 9,5 мыңға жуық отбасы мемлекеттік қаржы есебінен салынған баспанаға қол жеткізді. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 31,5 процентке артып, 818,9 млрд теңгені құрады», — деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен бірге, биыл 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 1,3 млн шаршы метр немесе 22 мың пәтер мемлекеттік инвестиция есебінен тапсырылады.

«Жалпы 2018 жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 148,6 млрд теңге бөлінген. Қаржыландырудың негізгі бөлігі — 69,4 млрд теңге құрылыс салынатын аудандарға инженерлік коммуникация тартуға қарастырылған. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға жалға берілетін тұрғын үй салу үшін (сатып алу мүмкіндігінсіз) 26,9 млрд теңге, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларын несиелендіруге — 24 млрд теңге, Астана қаласындағы апатты жағдайдағы үйлерді жою бойынша пилоттық жобаға — 20 млрд теңге көзделген. Сондай-ақ, 7,9 млрд теңге халықтың ипотекасын және жеке құрылысшылардың займдарын субсидиялауға бөлінген», — деп түсіндірді Ж. Қасымбек.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үй салынатын аудандарға инженерлік коммуникация тартуға бөлінген қаржының 44,6 млрд теңгесі аударылды. Оның 40,8 млрд теңгесі немесе 91,7 пайызы игеріліп, 500 шақырым инженерлік желі салынған.

Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев инженерлік желілердің жоқтығынан дайын тұрған үйлердің пайдалануға берілмей отырғанын айтып, проблемалы нысандарды атап көрсеткен болатын.
Оқыңыз:   Алматылықтар баспананы үлескерлікпен 20% арзанға сатып ала алады