PR: «Ұлы даланың жасампаз жастары» атты ашық сабақ өтті

28 қараша күні Астанадағы «Nurorda» мектеп-лицейінде «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» және «Білім Орда» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастырумен «Ұлы даланың жасампаз жастары» атты Республикалық интербелсенді ашық сабағы өтті.

Республикалық ашық сабаққа Қорларға қарасты 30-дан астам білім беру мекемелерінің ұстаздары, ата-аналары және оқушылары онлайн телекөпір арқылы қатысты.

Ашық сабақ барысында оқушылар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлттық тәрбие моделі: Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы келелі мәселелерді 3 топқа бөліну арқылы талдап, өзіндік ерекшеліктері мен еліміздің мәдени және рухани дамуы үшін жеті тарихи жайтқа сүйенген алты ірі жоба жөнінде өз пікірлерін білдірді. Оқушылар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын заманауи түрде жаңаша әдістермен іске асыру қажет екендігін алға тартады.

Сатанов Арыстан Болатұлы, «Білім-Инновация» лицейлерінің әдіскері:

— Бүгінгі республикалық ашық сабақ барысында оқушылар ақпараттық, инновациялық технологияларды және виртуалды қосымшаларға негізделген әр түрлі бағдарламалар мен бірқатар әдістерді қолдану арқылы мақаланы жоғары деңгейде талқылап шықты. Әрине 1 сағат көлемінде Елбасының көтерген мәселелерін шешу мүмкін емес, оны алдағы уақытта осындай ашық сабақ шеңберінде талқылап қана қоймай, практикамызда іске асырылуы қажет деп санаймын. Біздің оқушыларымыз аталмыш мақалада айтылған ой-пікірлерді әрі қарай жоғары дәрежеде, заманауи түрде жаңаша көзқараспен іске асырады деген ойдамын.

Әбсатаров Аймар, Астана «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы:

— Маған сабақ өте ұнады, қызықты өтті. Сабақ барысында Елбасының жаңа мақаласын талдау арқылы, тарихқа негізделген құжатта болашаққа бағдар беретін нақты тапсырмалар айқын көрсетілгеніне көз жеткіздім.

Сондай-ақ ашық сабақ барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлттық тәрбие моделі: Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын мектепте іске асыру жолында оқушылардың әлеуметтік белсенділік, мәдени, өнер, спорт, нақты айтқанда жан-жақты дағдыларын қалыптастыру мақсатында баламасы жоқ «Мәдени паспорт» жобасымен таныстырылды.

Оқыңыз:   Дүниежүзілік банк өкілі доллар бағамын төмендету әдісін атады