Қашаған мұнайы сарқыла бастады

Қашаған Қазақстандағы мұнайы сарқыла бастаған кен орындарының қорын толтырды.

Бұндай мәліметтер XI Еуразиялық KAZENERGY форумы барысында таныстырылған Ұлттық энергетикалық баяндамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылы Қазақстанда мұнай өндіру үшінші жыл қатарынан төмендеген болатын, оның 2014 жылы көлемі 1,2 пайызға, 2015 жылы 1,6 пайызға және 2016 жылы 1,9 пайызға, яғни  жалпы 78 млн тонна деңгейіне дейін қысқарды. Кен қорларының төмендеуі негізінен Ақтөбе және Қызылорда  облыстарындағы өндіру көлемі азайған кен орындарына тиесілі болды. Алайда 2016 жылдың соңынан бері Қашаған кен орнында өндіру көлемінің өсуіне байланысты осы салада біршама өзгерістер орын алды. Сондықтан елдегі өндірудің жиынтық көлемі өсім траекториясына өрледі», — деп атап өтілген KAZENERGY қауымдастығы үшін IHS Markit компаниясы даярлаған баяндаманың «Шикі мұнай мен газ конденсатын өндіру» атты бөлімінде.

Дегенмен де 2017 жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі белгілі бір жасалған уағдаластық аясында  мақсатты түрде шектелген болатын. Атап айтқанда, ағымдағы жағдайда елдің екі ірі жобасын ескере отырып, болашақта тұрақты өсім қарастырылып отыр.

Қашағандағы кен орнындағы қуат көздерін кеңейтудің арқасында өндіру көлемі тәулігіне 80 000 барелльге артуы тиіс. Бұл өз кезегінде бірінші кезеңдегі жылына 17 млн тоннаға жуық (тәулігіне 370 мың барелль) тұрақты дебитінің жоспарлы деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.

Ал Теңіз кен орнының өндірістік қуатын алдағы уақытта кеңейту жобасын жүзеге асыруға кірісу шешімі 2020 жылға қарай жылына 12 млн көлемінде (тәулігіне 260 мың баррель) өндірудің өсімі үшін алғышарттар жасайды.

Өздеріңізге белгісі, 2016 жылдың соңында Қазақстан  мұнай бағасының төмендеуін тоқтату бағытында ОПЕК және өзге елдердің жоспарына қосылуға келісті. Кейіннен бұл жоспардың күші тағы тоғыз айға, яғни 2018 жылдың наурызына дейін ұзартылды.

Ұлттық энергетикалық баяндамада атап көрсетілгендей, ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, Қазақстанда мұнай өндіру мөлшері артады деп күтілуде және еліміз ТМД елдерінде мұнай экспорты көлемі бойынша екінші орынды сақтап қалады.

Оқыңыз:   Мұнай өнімдері қымбаттап, түсті металл арзандауда