«ҚазМұнайГаз» бен «Қазақстан Темір Жолы» басшылығы ауысты

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы болып Сауат Мыңбаев тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа басшыны бүгін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов таныстырды. Ахметжан Есімов өз сөзінде Сауат Мұхаметбайұлының бұрынғы жұмыс орындарында жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті.

Айта кетсек, Сауат Мыңбаев бұрын қаржы құрылымдарында әртүрлі қызметтерді атқарған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы қаржы министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы қаржы министрі, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы сауда және индустрия министрі, Қазақстан Республикасы энергетика және минералды ресурстар министрі, Қазақстан Республикасы мұнай және газ министрі лауазымдарында еңбек еткен.

2013 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болған.

Сауат Мыңбаевтың орнына «ҚазМұнайГазға» Алик Айдарбаев тағайындалды. Бүгінге дейін ол Самұрық-Қазына басқарма төрағасының орынбасары болған.

Әр жылдары Алик Айдарбаев  «Оңтүстікқазмұнайгаз» МАҚ, «Құмкөл-ЛУКОЙЛ» компаниясының (кейін атауы «Торғай Петролиум» ЖАҚ деп өзгертілді), «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баcқарушылық лауазымдарды атқарды. 2011 жылдың желтоқсан айынан 2013 жылға дайін «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Бас директоры болды. 2013-2017 жж. Маңғыстау облысының әкімі, 2017 жылдың наурыз айынан 2018 жылдың қаңтар айына дейін — Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму бірінші вице-министрі қызметін атқарды. 2018 жылдың 15 қаңтарынан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болды.
Оқыңыз:   Қазақстанда раллиден әлем чемпионаты өтеді