Қазақтар АҚШ-тың стартапшыларға арналған бағдарламасына қатыса алады

Қазақстандық стартаперлер әлемдік «Shark Tank» реалити-шоуына қатыса алады.

Ол үшін отандық кәсіпкерлерге не істеу керектігін бүгін Алматыда өткен «GoViral» батыл идеялар фестивалінде әлемдік АВС арнасының «Shark Tank» реалити-шоуының жетекшісі Брэндон Эндрюс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Америкалық бағдарлама алғаш рет 2009 жылы жарыққа шыққан еді. Бұл жапондық «Dragons Den» шоуының әлемдік франшизасы болып табылады. Бағдарламаға қатысушыға 90 секунд ішінде бизнестің «азулы арыстандары» алдында өзінің бизнес-жобасын таныстырып шығуға мұрсат беріледі. Әлемдік инвесторлар кейін өздеріне ұнаған жобаға қаржы салады. Қазір эфирде 9-маусым өтіп жатыр.

«Жобаға қатысу үшін бизнестің белгілі бір бөлігі Америкада болуы керек. Егер бұл мәселе шешілсе, біз өз кезегімізде барынша мүмкіндікті қарастырамыз. Мен Сіздерге электронды форма жіберем. Соны толтырып жібересіздер. Американдық тарап ары қарай өтінімдерді іріктейді. Ал егер сіздер тек Қазақстан немесе ТМД аймағында ғана бизнес жүргізем десеңіздер «Shark Tank Australia» шоуына қатыса аласыздар. Аустралиялық нұсқада бизнестің географиясына шектеу жоқ. Онда да бизнес идеяңды қорғап, жақсы инвестиция алуға болады»,- деді Брэндон Эндрюс.

«Shark Tank» жобасының кастинг директоры осы уақытқа дейін миллиондаған жобамен танысқан.

«Ең бастысы адамның бизнеске деген ынтасы жоғалмаса болды. Инвесторлар, банкирлер, клиенттер алдында өзіңізді сарапшы сияқты ұстаңыз. 90 секунд ішінде сіз өз жобаңызды 7 жастағы балаға түсіндірген сияқты қарапайым тілмен айтып шығыңыз. Көп кәсіпкерлер инвесторлар алдында ақша туралы айтудан қысылады. Керісінше кәсіпкер нарық талаптарын білетінін көрсетуі тиіс. Кәсіпкер ретінде сіздің өрлеу мен құлдырауға дайын екендігіңізді инвесторлар байқауы тиіс», — деді ол.

Сондай-ақ, сарапшы АҚШ-та патент алу қаншалықты қиын екендігін айтып берді.

«АҚШ заңнамасы авторлық құқыққа келгенде өте қатал. Патент алуға 1 жылдай уақыт кетеді. Ең алдымен патент ұйымдары кәсіпкердің патентін осының алдында алынған патенттермен салыстырады. Егер, ешқайсысына ұқсамаса шартты патент береді. Бизнес жүргізуге шартты патент жарай береді. Осы уақыт аралығында қосымша тексерулер жүреді. Нәтижесінде үкіметтік органдар патентті бекітеді. Бұған шамамен 2-5 мың АҚШ доллары кетеді», — деді «GoViral» фестивалінің қонағы.

Оқыңыз:   Ұлттық өнім әлем дастарқанына жол тартады