Қазақстан өзіне қажет энергияның 10 есесін баламалы қуат көздері арқылы өндіре алады

Қазақстанда 50 жаңаратын энергия көзі жұмыс істеп тұр.

Бұл жайында бүгін Астана экономикалық форумы аясында өткен «Болашақ энергиясы және әлемдік энергетика жүйесіндегі Қазақстанның рөлі» атты сессия барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

«Қазақстанда жаңаратын энергия көздерін дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатты белсенді жүргізу үстіндеміз. Ол жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған және Қазақстанның қолданыстағы стратегиялық мүддесіне сай болуы тиіс. Соңғы жылдары жаңаратын энергия көздері энергетикалық кешенді дамытудың басымдық векторларының бірі ретінде қарастырылуда. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның жаңаратын энергия көздеріндегі энергетикалық әлеуеті барынша зор. Мәселен, Қазақстанның жел энергетикасының ғана әлеуеті жылына 920 млрд. кВт сағатты құрайды. Бұл бүкіл еліміз тұтынатын электр энергиясынан 10 есеге артық», — деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанның су энергетикасының әлеуеті 62 млрд. кВт сағатты құрайды және ол қазіргі уақытта еліміз тұтынатын энергияның 70 пайызына жетеді.

«Еліміздің оңтүстік өңірінің күн энергиясы әлеуетіне қатысты айтар болсам, бұл шамамен жылына 2500-3000 күн сағатына тең. Бұл оңтүстік өңірлерімізді әлемнің күннің қызуы жоғары елдерімен бәсекелес болуына мүмкіндік береді. Әзірше жаңаратын энергия көздерінен алынатын электр энергиясының көлемі үлкен емес. Шамамен 0,9 млрд. кВт сағатты құрайды және өндірілген электр энергиясының жалпы көлеміндегі жаңаратын энергия көздерінің үлесі 1 пайызға тең. Алайда осыдан үш жыл бұрын жаңаратын энергия көздерінің үлесі нөлге тең еді. 3 жылдың ішінде Қазақстанда 50 жаңаратын энергия көзі салынып, жұмыс істеп тұр», — деді Қанат Бозымбаев.

Оқыңыз:   Ұлттық банк Назарбаев университетінде Қаржы ғылымдары магистратурасын ашты