Қазақстан сыртқа жанармай сата бастамақ

Ішкі сұраныс қанағаттандырылып болды деген сөз. 

Мәскеуде «Ресей энергетикалық апталығы – 2018» Халықаралық форумының шеңберінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қ. Бозымбаев және Ресей Федерациясының Энергетика министрі А. Новак 2010 ж. 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Үкіметтері арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық Хаттамаға қол қойды, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.

Енгізіліп жатқан өзгерістер Ресейден Қазақстанға мұнай өнімдерін кіргізу және Қазақстан аймағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аймағынан тыс шығару мәселелерін реттеуді ведомствоаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстан жанар-жағармайдың ішкі нарығындағы балансына байланысты мұнай өнімдерінің кейбір түрлерінің экспортын және импортын ашу/жабу бойынша шешімдерді жылдам қабылдай алады.

Қазіргі таңда Қазақстанда ашық түсті мұнай өнімдерін тасымалдауға тиым салынған. Қол қойылған Хаттама Қазақстандағы жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарында шығарылған ашық түсті мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді.

Оқыңыз:   Теңге нығаюда, мұнай бағасы тұрақты