Қазақстанның транзиттік сипаты өзгеруде

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек АЭФ алаңында өткен Халықаралық «NewSilkWay» көлік-логистикалық бизнес-форумына қатысты.

Сессияда «Шығыс-Батыс бағытындағы теңіз бен құрлық арасындағы тарихи бәсекелестік: Жаңа Жібек жолы» тақырыбы талқыланды.

Ж.Қасымбек өз сөзінде Қытай – Еуропа бағытымен өтетін транзиттік жүк ағынын қамтамасыз ететін Қазақстанның басымдығы мен әлеуетін қолданудың маңыздылығына назар аудартты.

Ол сонымен қатар, кешенді еуразиялық трансконтинентальді көпір құру арқылы «Ұлы Жібек Жолын» жаңғыртудың өзектілігін атап өтті.

«Азия Тынық мұхиты аймағынан Еуропаға Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік теңіз жолы әлде қайда қысқа. Сондықтан, жүкті жеткізу уақыты бойынша негізгі бәсекелі басымдыққа ие. Бұл жағдай Қазақстан арқылы Қытай – Еуропа бағыты бойынша транзиттік жүк ағынының өсімін болжауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр.

Осы басымдықты пайдалану үшін жылдамдықты арттыру арқылы жүкті жеткізу мерзімін қысқарту, технологиялық процестерді оңтайландыру, тасымалдың мультимодальды жаңа схемасын пайдалану, автоматтандыру жүйесін енгізу шаралары қолданылатын болады.

Аталмыш шаралар Шығыс және Шығыс Азия елдерінің (Жапония, Корея, Вьетнам және т.б.) әлеуетті жүк жөнелтушілерін тартуға және Еуропадан Азияға кері қайтатын бағыттың жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қазақстан территориясы арқылы Қытай мен Еуропа арасына қатынайтын 15-тен астам транзиттік бағыт бар. 2016 жылы Қытай-Еуропа-Қытай қатынасындағы контейнерлік тасымал 2 еседен артық өсті (581-ден 1212 пойызға дейін). 2020 жылға қарай 2 млн. контейнерге дейін жеткізу жоспарлануда.

Министр бүгінгі таңда трансқазақстандық көлік дәлізінің жаңа архитектурасы қалыптасқанын айтты.

Каспий аймағындағы дәліздер Қытайдан Еуропаға, Индиядан Еуропалық Одақ пен Ресейге тауар тасымалдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Каспий аймағындағы теңіз порттары Әзірбайжанға, Түркменістанға, Ресей мен Иранға және Таяу Шығыс пен Еуропа елдеріне шығуды қамтамасыз етеді.

Транскаспий бағытын дамыту, соның ішінде мультимодальдық тасымалды жетілдіру Еуразиялық континентте контейнерлік және логистикалық сервистің географиясын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.

Оқыңыз:   Облыс әкімі денсаулық сақтау саласындағы кемшілікті ашты

Алдағы уақытта бұл бағыттарды дамыту үшін аталмыш бағыттардың тартымдылығын арттыратын мультимодальді тасымал бойынша келісілген бәсекеге қабілетті тарифтік саясат қажеттігі айтылды.

2020 жылға дейін көлік саласын 11 млрд. АҚШ долларымен (3,5 трлн. теңге) инвестициялау жоспарлануда.