Хоббиін бизнеске айналдырған жан

Қызылорда облысы Құндызды ауылдық округінің тұрғыны Гүлжан Әбдіғаппарова жұмыссыздықтан құтылу үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуды бастаған.

Біршама уақыт ойланудың нәтижесінде Гүлжан үйден нан өнімдерін пісіруді қолға алып, бүгінде Сырдария ауданына танымал кондитерлік цехтың негізін қалаған.

Барлығы өмірімде болған қиындықтардан соң басталды. Біздің бес баламыз бар, 90—шы жылдары екі қолға бір күрек табылмады, тіпті жұмыс істейтіндер де тиісті еңбек ақыларын ала алмайтын. Үйден түрлі тәттілер пісіргенді бұрыннан ұнататынмын, сондықтан өзімнің сүйікті ісімді табысты кәсіпке айналдыруға шешім қабылдадым. Ойдағы жоспарды бірден жүзеге асыруға асықсам да, өзіме деген сенімділік әлсіз елді. Әйтсе де бұл үлкен салымсыз бизнес бастаудың жалғыз мүмкіндігі еді, – деп есіне алды Гүлжан Әбдіғаппарова.

Кәсіпкердің табысқа жету жолы ұзақ әрі қиындықтарға толы болды. Толыққанды цехты салуға және өндірісті жөнге қою үшін он жылдан астам уақыт қажет болған.

Бастапқыда тек тоқаш пен бәліштер пісіріп, оны көршілеріме саттым, өнімімді алушылар тек таныстарым болғандықтан, жұмысты ілгерілету мақсатында пісірген тағамдарымды жергілікті дүкендерге өткізе бастадық. Бизнесіміз отбасылық десе болады, жанұяның барлық мүшелері осы кәсіпте қамтылған, тіпті цехқа қажетті ғимаратты біз өзіміз салдық дейді Гүлжан. Кәсіпорын ұлғая бастағанда тасымалдауға көлік қажет деген сұрақ туындады. Себебі тәттілер салынған қораптарды тасып жүруден көп қаржы таба алмасымызды ұғындық. Көлікті сатып алу үшін «Даму» Қорының 50% кепілдендіруі арқасында банктен несие рәсімдедік. Мемлекеттік бағдарлама аясында несиенің үстеме пайызын төмендетуге мүмкіндік туды.

Кәсіпкердің айтуынша, арнайы автокөлікті сатып алу нәтижесінде нан өнімдері өзге де ауылдық округтерге жеткізіліп, бизнес аясы кеңейе бастады. Гүлжан Әбдіғаппарованың цехында тәулігіне мыңға жуық нан пісіріліп, түрлі кондитерлік өнімдер де шығарылады.

Гүлжан Әбдіғаппарова өз кәсібін нөлден бастап, піскен бәліштердің алғашқы топтамасын шығаруға кететін азық-түлікті санамай-ақ еш салымсыз осы істі қолға алды. Бүгінде табысты кәсіпкер атанып отырған Гүлжан кәсіп бастау үшін миллиондар іздейтін азаматтарды қолдамайтынын жеткізді.

Оқыңыз:   "Нұрлы жер" халыққа 2018 жылдан бастап беріледі

Бизнесті шағын істен бастау керек,- дейді Гүлжан. Бастысы жеңіске жетемін деген сенімде болу қажет, себебі көп адамдар бастаған істі жарты жыл өтпей жатып тастап кетуде, ал біз қиындық пен кедергілермен он жыл бойы күресіп келдік. Қазіргі таңда біздің жеке өндірісіміз бар және жақында Астана тұрғындарына өз өнімдерімізді ұсыну мақсатында «Қазақстанда жасалған» республикалық көрмесіне қатысуға шешім қабылдадық.