Франция президенті кей мәселелер туралы Назарбаевтың пікірін білгісі келеді

Нұрсұлтан Назарбаев «Азия – Еуропа» (АСЕМ) форумы ХІІ саммитінің ашылу рәсіміне келген соң Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті.

Мемлекет басшысы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 26 жыл толғанын және осы кезең ішінде қажетті бүкіл шарттық-құқықтық база қалыптасқанын атап өтті.

– Бүгінгі кездесуіміздің арқасында Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Біздің елімізде Францияның ондаған компаниясы жұмыс істеуде, өзара тауар айналымының көлемі 5 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін, – деді Қазақстан Президенті.

Э.Макрон Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңындағы осы кездесудің символдық мәні зор екенін атап өтті.

– Президент мырза, Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Мен президенттік қызметке келгеннен бері алғаш рет жүздесіп отырмыз. Сізбен бірқатар мәселені талқылап, көзқарасыңызды білгім келеді, – деді Франция басшысы.

Өзара сенім жағдайында өткен кездесу барысында тараптар екі жақты қарым-қатынас мәселелерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті проблемалар жөнінде ашық пікір алмасты.

Оқыңыз:   Назарбаев екі министрлікті қайта құрды