Тауарын экспорттаған бизнесменнің төлеген салығын Үкімет қайтарып береді

Ірі бизнеске жыл сайын 600 млрд. теңгеге жуық қосылған құн салығы қайтарылады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтав мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы отырыс барысында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Премьер-Министрден: «Үкімет қосылған құн салығын қайтару әдісін өзгертуді жоспарлап отырған жоқ па?», — деп сұраған еді.

«Қосылған құн салығын қайтармаймыз», десек қате болар. Өйткені, бүгінгі күні экономика да, инвестиция да, экспорт та өсіп келеді. Қазіргі уақытта 300 ірі компанияға мониторинг жүргізіп отырмыз. Олар өз өнімдерін экспортқа шығарғаннан кейін міндетті түрде қосылған құн салығы бойынша қайтарылатын соманы ұсынады. Сондықтан біз бұл мәселені тыңғылықты қарастырудамыз. Бүгінгі күні біздің тараптан ҚҚС-тің дер уақытында қайтарылмауына байланысты экспорттаушылардан наразылық өте көп түсуде», — деді Сағынтаев.

Үкімет басшысының айтуынша, тексерулерге байланысты қосылған құн салығын қайтару жұмыстары ұзаққа созылып кетеді.«Жыл сайынғы статистикаға қарайтын болсақ,  қорытынды тексеруден кейін 500-600 млрд теңге қайтарылуға жатады. Дегенмен, ірі бизнес тарабынан кейістік көбеюіне байланысты біз әдісті өзгерттік. Қазіргі уақытта 70 процентіне ҚҚС автоматты түрде қайтарылып, 30 процентіне тексеру жүргізіледі. Егер қандай да бір бұзушылықтар анықталатын болса, онда төленіп қойған 70 процент айыппұл санкцияларымен кері қайтарылатын болады.Қазіргі уақытта электронды есепшот түбіртегін ілкі режімде қолдана бастадық. Бұл сызбамен жұмыс істейтіндерге тексеру 30 күннің ішінде жүзеге асырылады. Келесі жылдан бастап бұл сызба тек ірі компанияларға қатысты жұмыс істейтін болады. Ал 2019 жылдан бастап бұл тетікке басқа да компаниялар ілігеді», — деді Премьер-Министр.

Оқыңыз:   «ҚазАгро» ауыл бизнесін қаржыландыруды күшейтеді