Сағынтаев Шығыс Қазақстан халқымен кездесті

Бүгін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді.

Президенттің Жолдауында алға қойған негізгі міндеттерді түсіндіру мақсатында Семей және Өскемен қалаларында активпен және жұртшылықпен кездесулер өтеді.

Семей қаласында активпен және жұртшылық өкілдерімен Президент Жолдауының негізгі бағыттары талқыланады.

Бұған қоса, Премьер-Министр бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап, солардың негізінде өңірде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Денсаулық» және т.б. мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуымен танысады.

Облыс орталығында активпен және жұртшылықпен кездесуде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік міндеттерге баса көңіл бөлінеді. Көптеген мәселелер, соның ішінде индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті, АӨК дамытудың, өңірлерді тұрақты дамытудың жаңа тәсілдері қаралады. Өскемендегі өңдеу өнеркәсібінің ірі нысандары мен білім беру мекемелерін аралау жоспарда бар.

Өңірге жасалған жұмыс сапары Семей қаласынан басталды. Премьер-Министр ұшып-қону жолағы мен аэровокзалды реконструкциялау нәтижесімен танысты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметовтың баяндауынша, әуежайды жаңғырту рейстер мен жолаушылар санын ұлғайтуға, сондай-ақ, ұшу кезіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға жол ашады.

2016 жылғы желтоқсанда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында басталған әуежайды реконструкциялау жұмыстары биыл аяқталады. Жобаны іске асыру ұшу-қону жолағын, жер үстімен жүру жолдарын және перронды, сондай-ақ, аэровокзал ғимаратын жөндеуді қамтыды. Ұшу-қону жолағына қатысты жұмыстар толықтай аяқталған: бүгінгі таңда аталған жолақ облысаралық және облысішілік авиарейстердің әуе кемелерін қабылдап, жөнелтеді. Осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап ұшу-қону жолағы «Өскемен — Семей — Үржар», «Семей — Алматы», «Семей — Астана» бағыттары бойынша Ан-24 типіндегі ұшақтарды қабылдайды. Аэровокзалға қатысты жалпы аяқталған жұмыстар бүгінде 93% құрайды.

Жаңғырту қорытындысы бойынша әуежай «В» санатындағы халықаралық әуежайларға арналған ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) талаптарына сай болады. Ал бұл 300 жолаушыға дейін тасымалдай алатын Boeing, Airbus, ИЛ-76 типіндегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, тәулігіне 25-30 рейске дейін, сағатына 200 адамға дейін қызмет көрсетуге жол ашылады. Жолаушылар терминалының ғимараты қауіпсіз пайдалану талаптарына жауап беретін болады, ал ол жолаушыларға қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартады.

Оқыңыз:   Астананы газбен қамтамасыз ететін екінші станция салынады

«Scat, Qazaq air, Bek air, Air Astana секілді отандық авиакомпанияларды тартумен қатар, Ресей Федерациясына, Түркияға, Мысырға, Біріккен Араб Әмірліктеріне халықаралық рейстерді ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Аэровокзалда халықаралық және ішкі әуе қатынастарының жекелеген залдары пайда болады, заманауи тексеру жабдығы орнатылады. Жалпы, кешенде 250-ден астам адамға жұмыс орны ашылады», — деп баяндады Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С. Ақтанов.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Семей қаласының өнеркәсіптік нысандарын аралап, онда отандық машина жасау саласының дамуымен танысты.

Өңірдің индустриялық дамуымен, атап айтқанда, машина жасау саласымен танысу аясында, Премьер-Министр «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС-іне, «СемАЗ» ЖШС-іне барды. Бақытжан Сағынтаев автоқұрастыру зауытының жұмысын тексеріп, технологиялық процеспен және қосалқы бөлшектер мен аккумуляторлар өндірісі желісімен, түрлі дайындау сатыларындағы автокөлік құрастыру сапасымен танысты.

Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімінің құрылымында өнеркәсіп үлесі 31,8% құрайды. 2017 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1581,5 млрд теңгені құрады. 2017 жылы өңдеу өнеркәсібінде автокөлік құралдарының, трейлерлер мен ашық тіркемелердің өндірісі 88,1%-ға, фармацевтикалық өнімдер 3,7 есеге, химия өнімдері 16,2%-ға, электр жабдықтары 74,8%-ға, басқа да дайын бұйымдар 22,3%-ға артты. 2018 жылғы қаңтар–тамыз аралығында өнеркәсіптік өнімдер шығару көлемі 1187,8 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі — 108,7%.

Кәсіпорын қалалық және қала маңына қатынайтын Daewoo жолаушылар автобустарын шығаруға маманданған. Сонымен қатар, биыл «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС жолаушыларды қалааралық тасымалдауға арналған тұтас металл шанағы бар «ГАЗель Next» автокөліктерін шығаруды игерді.

«2017 жылы 3 млрд теңгеге 136 автобус шығарылды. Осы жылдың қаңтар–тамыз айларында 2,3 млрд теңгеге өнеркәсіптік өнім шығарылды: 82 Daewoo автобусы шығарылды, бұл өткен жылғы деңгейден 7,9%-ға жоғары», — деді «СемАЗ» ЖШС және «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС бас директоры Ә. Досқожанов.

Оқыңыз:   ЕХРО-2017 көрмесіне орай экскурсия жетекшілерінің тегін курстары ашылды

Жалпы, кәсіпорын бәсекеге қабілетті тауарларды шығаруға және экспорттауға бағдарланған. Бүгінгі таңда өнімдер ішкі нарықта және Кеден одағы мен ТМД елдерінде сұранысқа ие. Сонымен қатар, зауыт қуаттылығы жылына 1200 автобусты құрайтынын ескерсек, жаңа өткізу нарықтарына шығу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ә. Досқожановтың мәлімдеуінше, компания «Беларус» тракторларын және жүк көліктерін де шығарады. Осы жылдың 8 айында 4,2 млрд теңгеге өнім шығарылған. 170 «Беларус» тракторы, 186 жүк автокөлігі, соның ішінде 74 «SHACMAN» автокөлігі, 30 Foton жүк автокөлігі және 82 «Урал» жүк көлігі шығарылған. Бұдан өзге, кәсіпорында шығарылатын өнім түрлерін ұлғайту, соның ішінде 40 тонна жүк көтергіштігімен жүк көліктерінің жаңа түрін игеру мен  «Газель Бизнес», «Газель NEXT» құрастыру желісін шығару арқылы ұлғайту көзделген.