Саудия мен Ирактың арқасында теңге нығая түсті

KASE-нің таңғы сессиясының қорытындысы бойынша, АҚШ долларының бағамы 332,49 теңге болды. 

Естеріңізге сала кетейік, кеше доллар бағамы 335 теңгеге дейін жеткен еді.

Ал Астана уақытымен таңғы сағат 11:00-де брент маркалы мұнай құны 58,41 долларға саудаланды.

Айта кетейік, өткен аптадан бері 57 доллардан көтерілмеген мұнайдың қымбаттауына кешегі Сауд Арабиясының мұнай бағасын қымбаттату мақсатында қолдан келетін барлық шараны жүзеге асыратыны туралы мәлімдеме түрткі болған. Өз сөзінде Саудияның энергетика министрі Халид әл Фалих: «Біз мұнай бағасын соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіште ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге дайынбыз» деген еді.

Сонымен қатар кеше Ирактың мұнай экспортының төмендегені туралы ақпарат тараған еді. Бұл да шикізаттың қымбаттауына әсер етпек.

Тағы бір айта кетерлігі, АҚШ Федералды резерв жүйесінің басшысының жақында ауысатыны анық. Осыған орай, қазіргі таңда Джанет Йеленнің орнына кімнің отыратыны анықталмағандықтан, қазіргі таңда АҚШ долларының өзіндік құны төмен сақталуда.

 

Оқыңыз:   Мұнайда кезекті антирекорд, теңге әзірге тұрақты