Обама Дүниежүзілік Банкті басқаруы мүмкін

Дүниежүзілік банктің президенті Джим Йонг Ким қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды egemen.kz.

Джим Йонг алты жыл атқарған бұл лауазымына АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманы ұсынды. BBC хабарлауынша, Кимнің мерзімінен бұрын қызметтен кету себебі белгісіз. Оның Дүниежүзілік банкті 2022 жылға дейін басқару құқығы болған.

Джим Йонг Кимнің отставкасы туралы ДБ баспасөз қызметі хабарлады. «Өз ісін жақсы көретін қызметкерге толы мекеменің президенті болу мен үшін үлкен мәртебе», делінген хабарламада.

Оның айтуынша, қазіргі таңдағы ДБ жұмысы «бұрынғыға қарағанда өте маңызды, себебі әлемде жағдайы нашар жандардың қатары күн санап өсіп келеді. Ал климаттың өзгеруі, індет, аштық және босқындардың проблемалары күрделене түскен».

Британдық Guardian басылымының хабарлауынша, жұмыстан кету бұл − Кимнің жеке шешімі. Мекеменің баспасөз баянында жазылғандай, президент отставкаға кеткен соң жеке фирмаға басшы болып, дамушы елдердегі инфрақұрылымдық инвестицияны көбейтумен айналыспақ.

Сондай ақ ДБ басшысы 1987 жылы өзінің қатысуымен құрылған «Денсаулық саласы» бойынша халықаралық үкіметтік емес ұйымның басқарма құрамына оралуды жоспарлап отыр.

Джон Йонг Ким  — дүниежүзілік денсаулық сақтау саласы бойынша білікті маман. 1959 жылы Сеулде дүниеге келген. Бес жасында ата-анасымен бірге АҚШ-қа көшіп кеткен.

1991 жылы Гарвардтың медицина мектебінде магистр, 1993 жылы доктор дәрежесін алды. 2003-2005 жылдар аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ВИЧ және СПИД-пен күрес бөлімінде жұмыс істеген. Ким кеткен соң 1 ақпаннан бастап банкті атқарушы директор Кристалина Георгиева басқарады. 

Оқыңыз:   Франциядағы сайлау нәтижесі еуроны әлсіретіп жіберді