Сағынтаев Баку-Тбилиси-Карс дәлізінің ашылуына қатысты

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Бакуде (Әзербайжан) Баку-Тбилиси-Карс теміржол бағдарының ашылу салтанатына қатысты.

Сондай-ақ, шараға Түркия Президенті Р. Ердоған, Өзбекстан Премьер-Министрі А. Арипов, Грузия Премьер-Министрі Г. Квирикашвили, Тәжікстан көлік министрі Х. Худоерзода, Түркіменстан теміржол көлігі министрі Д. Бяшимов қатысты.

Ашылу барысында «Алтын балдақты» қағу символдық дəстүрі мен теміржол нұсқарын бұру рәсімі, сондай-ақ мемориалдық тақтаны ашу шаралары өтті.

«Баку-Тбилиси-Карс» бағдары Қазақстан үшін Түркияға, Оңтүстік Еуропа мен Жерорта теңізіне жол ашады. Сонымен бірге, аталған бағыт Транскаспиийлік халықаралық көліктік бағдардың жетекші инфрақұрылымдық жобасы болып табылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Баку-Тбилиси-Карс жаңа теміржолының ашылу салтанатында мәлім етті.

Сағынтаев өз сөзінде жаңа теміржолдың Орталық Азия аймағында транзиттік-көліктік және логистикалық әлеуетін арттыруда толыққанды маңызға ие екендігін атап өтті.

«Қазақстан Еуразияның тура ортасында орналасқан. Өз тарапынан біздің мемлекетіміз Еуропа мен Азия аралығындағы трансқұрлықтық жүк тасымалын дамытуда белсенді жұмыс атқарып келеді. Біз Баку-Тбилиси-Карс теміржолының салынуына алғашқылардың бірі болып қолдау білдірдік. Бұл шешімді Әзербайжан, Түркия, Грузия мемлекеттері Қазақстан мен Қытайдың қолдауымен қабылдаған болатын. Нақты осы шешімнің Астанада қабылдануы өте маңызды оқиға деп білеміз», — дейді ҚР Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, жоба аймақтағы сауда-саттықты арттырып, экономикалық өсімге серпін береді.

«Қазақстанның міндеті транзиттік-көліктік әлеуетті арттырып, бұл бағдарды құрлықаралық еуразиялық жүйеге «алтын көпір» ретінде жалғау болып табылады. Біз «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы осы тапсырманы орындауға барынша күш салып жатырмыз. Соңғы 9 жылда Қазақстандағы көлік-логистикалық жүйенің дамуына 28 млрд АҚШ доллары құйылды. Транскаспийлік дәліздің салынуын қолдадық, 1700 шақырымдық теміржол, 3500 шақырымдық автокөлік жолы салынды. Ақтау порты жаңартылып, Құрық паромды порты іргесін көтерді», — дейді Бақытжан Сағынтаев.

ҚР Премьер-министрі сонымен бірге, стратегиялық жоба өзінің тиімділігі қазірден-ақ дәлелдеп қойғанын айтты.

Оқыңыз:   Сауд Арабиясы үлкен дағдарыстың алдында тұр

«Жуықта порттағы тасымалданған жүктің мөлшері 1 миллион тоннаға жетті. Келешекте Каспийде қазақстандық порттық инфрақұрылымының бақылау қабілеттілігі жылына 25 млн тонналық жүк тасымалына жетеді», — дейді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол Қазақстан Транскаспийлік бағыттағы тиімді бағдарларды дамыту үшін қаражат бөліп отырғанын жеткізді.

«Аталған инвестициялардың мөлшері шамамен 10 млн АҚШ долларына жетті. Осылайша, Қытайдан, Орталық Азиядан, Ресейдің Урал мен Сібір, Транкаспийлік аймақтан келетін жүк тасымалы ағынының қысқа уақытта жеткізілуін қамтамасыз еттік. 2020 жылы Қазақстанның көліктік-логистикалық жүйесінің дамуына қосымша 8 млрд АҚШ доллары бөлінеді. Бұл қадам Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттықтың өркендеуіне тың серпін береді», — дейді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы өз сөзінде осылайша, тиімді логистикалық жол арқылы Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымы Шығыс-Батыс, Қытай-Еуропа бағытында жүк тасымалын жүзеге асыратынын жеткізді.

БТК теміржол желісі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызды учаскелерінің бірі, Әзербайжанның, Грузия мен Түркияның теміржол желілерін біріктіреді. Магистральды жүргізу Қазақстанға Қара және Жерорта теңіздеріне жаңа бағдарлардың ашылуына мүмкіндік береді.

Жаңа теміржол Түркияға шығу арқылы, дәліз бойынша жүк тасымалының географиясын кеңейтуге және 2020 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы транзитпен жылына 2 млн контейнерге дейін тасымалдарға қол жеткізуге жол ашады.

Баку — Тбилиси — Карс жаңа теміржол дәлізінің аумағында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ  мен «Электровоз құрастыру зауыты» шығаратын қазақстандық локомотивтер де қолданылатын болады. Бүгінде бұған нақты мақсаттар қойылған, 10 тепловоз жұмыс істейді, сонымен қатар 2020 жылға дейін Қазақстан Әзербайжанға айнымалы тоқпен жүретін 40 жүк электровозын жеткізеді.