Назарбаев ислам әлемінің өзінің G20-сын құруды ұсынды

Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, OIC15 форумын құру керек.

Бұл туралы бүгін Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін G20 форумы сияқты бізге де бейресми топ құратын кез келді деп ойлаймын. Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC15 деп атасақ дұрыс болар еді. Ислам үмметіне ғылым мен техникалар саласын да дамыту мәселесі өте маңызды болып отыр. Осыған орай алдыңғы қатарлы батыс елдерімен тұрақты әрі жемісті байланыстар орнату қажет. Олармен өзара байланыста болуымыз түбі ислам елдерінің ілгерілеуіне пайдасын тигізетіні анық», — деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Ислам әлемі мен батыстың ашық диалогына жол ашатын басқосулардың жиі өткенін жөн деп санайтынын атап өтті.

«Меніңше, ғасырлар бойы қалыптасқан түсінбестік тудыратын стереотиптік көзқарастардан бас тартуымыз керек. Біз көп ұлтты және конфессиалы қоғамда дінаралық келісімді сақтаудың қазақстандық тәжірибесімен бөлісуге әзірміз», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана халықаралық қаржы орталығын ислам қаржы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырды.

«Ислам қаржысын, соның ішінде оның ғылым  мен инновацияны қаржыландырудың рөлін күшейту қажет. Қазақстанда биылғы ЭКСПО-2017 көрмесі өтіп жатыр. Сол көрме аяқталғаннан кейін оның базасында біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын орналастырамыз. Ислам қаржы құралдары мен «жасыл» қаржыларды дамыту — оның қызметінің маңызды бағыты болып саналады. Сіздерді ислам қаржы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз», — деді Президент Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде.

Бұл ретте Н. Назарбаев Ислам даму банкінің ғылым мен инновацияларды қаржыландыру жөніндегі әлеуеті өте зор екенін атап өтті. Бүгінгі Саммиттің негізгі құжаттары ретінде Қорытынды коммюнике мен Астана декларациясы болмақ. Биылғы жиынға ИЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекет, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар қатысуда.

Оқыңыз:   Еңбек революциясына дайынсыз ба?

Белгілі болғандай,  Саммит кезінде Ислам ынтымақтастығы ұйының ғылым мен технологиялар бойынша сыйлығы тапсырылады деп күтілуде.

Айта кетейік, мұсылман мемлекеттері басшыларының  1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) — ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы.

Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр. ИЫҰ-ның негізгі қағидаттары мыналар: толық теңдік; әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына деген құрмет; ішкі істеріне араласпау; мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу; ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіссөз, араағайындық немесе арбитраж арқылы бейбіт жолмен шешу; ұйымға мүше мемлекеттер аумақтарының тұтастығына, сонымен бірге саяси тәуелсіздігіне де қарсы күш қолданбау немесе қоқан-лоққы көрсетпеу.

Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды. Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.