Назарбаев: ЖІӨ көлемі халықтың нақты өмір сүру деңгейін көрсетпейді

Дәстүрлі жалпы ішкі өнім экономикалық гүлдену туралы жалған түсінік қалыптастырады.

Бұл туралы бүгін Х Астана экономикалық форумының жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы әлем жаңа экономикалық модельге біртіндеп көшу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жалпы ішкі өнімді есептеуді қайта қарастыру қажет деген ойын білдірді.

«Бүгінде елдің байлығы мен оның азаматтарының әл-ауқатын өлшейтін көрсеткіштерді есептеудің жаңа әдісін әзірлеу мәселесін халықаралық күнтәртібіне шығару қажет. Барлығымызда жиі қолданатын ЖІӨ индикаторының бірқатар кемшілігі бар. Ол табиғи ресурстардың түгесуін қоса алғанда қоршаған ортаға тиетін зиянды ескермейді. Бұған қоса, ол белгілі бір мемлекеттің өмір сапасын көрсетпейді. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім азаматтардың шынайы әл-ауқатын көрсете алмайды, халықтың кірісі бойынша жіктелуін ескермейді», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, дәстүрлі жалпы ішкі өнім экономикалық гүлдену туралы жалған түсінік қалыптастырады.

«Жасыл» ЖІӨ және Адами даму индексі, ЭЫДҰ үздік өмір индексі сынды индекстердің базасында әлемдік қоғамдастық ЖІӨ-ні есептеудің жаңартылған әдістемесін қабылдай алар еді. Ол елдердің  теңгерімді дамуы қажеттілігін нақты көрсетуі тиіс», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оқыңыз:   Дүниежүзілік банк: 2017 жылы әлем экономикасы қарқын алады