Көмір бағасы 15-20 пайыз арзандайды

Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көмір бағасын қалай төмендететіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыс барысында Жеңіс Қасымбек Астана қаласын мысалға келтіре отырып, көмір бағасын қалай түсіретінін жан-жақты айтып берді.

«Көмір разрезіндегі баға өзгермейді, ол — 5500 теңге. Трейдер бағаны 60-70 пайызға төмендетеді, үстеме 2 985 теңгеден 885 теңгеге дейін төмендейді деп жоспарлап отырмыз. Орташа алғанда 2 100 теңгеге дейін айырмашылық болады. Шұбаркөл разрезінен Астанаға дейін теміржолмен тасымалдау шығыны 1 715 теңгені құрайды. Стансалар арасындағы қашықтық 616 шақырым»,- деді ол.

Оның айтуынша, теміржол көлік шығындары стансадан эстакадаға дейін 1 242 теңгені құрайды. Оған вагондарды стансадан көмір сақтау орындарының шекарасына дейін жеткізу, көмір сақтау орындарының шекарасынан эстакадаға дейін түсіру, иесінің жол тармағы бойынша жүру, вагондарды түсіру шығындары кіреді.

«Бұл ретте, баға төмендетілген жоқ. Біз бұл жерде бағаны төмендетуге резервтер бар деп есептейміз. Сондықтан, монополияға қарсы органның осы жағдайды зерттеуін сұраймыз. Көмір қоймаларындағы сатушылардың үстемесі — 2000 теңге. Олар 25-30 пайызға, яғни, 1500-1700 теңге дейін төмендетуге дайын. Қабылданған шаралардан кейін көмір бағасы 1-2 аптаның ішінде Астанада 18 пайызға төмендейді деп күтудеміз. 13 600-14 500 теңгеден 11 200 теңгеге дейін арзандайтын болады. Айырмашылығы 2 400 теңге», — деді ол.

Сонымен қатар ол көмір қоймаларынан соңғы тұтынушыға дейін автомобиль көлігімен көмір жеткізуде бағаның қалай қалыптасатындығына талдау жүргізілгенін айтты.

«Мысалы, Астанадан Талапкерге дейін автомобильмен көмір құны 15 000 теңге болады. 1 тонна көмірді жеткізу бағасы 2142 теңге. Тасымалдау құнын қосқанда көмірдің бағасы бүгінде Талапкерде 15 642 теңгеге жетеді. Бағаны төмендету бойынша қабылданған шаралардан кейін Талапкердегі соңғы тұтынушыға жететін баға 13 242 теңге болады. Сондай-ақ, Ильинка, Қоянды елдімекендеріне жеткізу бағасын есептедік», — деді Жеңіс Қасымбек.

Оқыңыз:   Астанада Никола Тесла атындағы көше пайда болды

«Әкімдіктердің берген мәліметтері бойынша, биыл 1 мамыр мен 23 қараша аралығында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін халыққа көмір қорын жинау жұмыстары жоспарлы режимде орындалуда. Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстары қажетті көмірмен толық қамтамасыз етілді. Жылдық жоспарға сәйкес, сегіз облысты және Алматы мен Шымкент қалаларын көмір қорымен қамту көрсеткіші 85 пайыздан асады»,- деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес халыққа жеткізілетін көмірдің бағасы оның сапасы мен соңғы тұтынушыға дейінгі қашықтыққа байланысты орташа есеппен 15 мың теңгені құрайды.

«Коммуналдық-тұрмыстық көмір тарифтерін және бағаларын төмендету мәселесі бойынша сіздің тапсырмаңызды орындау үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы жергілікті атқарушы органдар және қоймалардағы коммуналдық-тұрмыстық көмірді сатушылар арасында меморандум жобасын әзірледі. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарының жергілікті атқарушы органдары өңірлерде орналасқан қойма иелерімен меморандумдар жасасты. Қалған өңірлер де осындай меморандумға қол қою жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс екі күннің ішінде толығымен аяқталады деп жоспарлап отырмыз», — деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, осы жұмыстың нәтижесінде көмір қоймалары мен бөлшектеп сату орындарындағы бағаны төмендету жоспарланған.

«Баға орташа есеппен 15-20 пайызға немесе 2500-3000 теңгеге төмендейтін болады»,- деді Жеңіс Қасымбек.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев барлық әкімдерге төмендетілген көмір бағасын ұстап тұруды тапсырды.

«Көмір бағасы теміржол тұйықтарында төмендеп жатыр. Ал ары қарай көлікпен тасу, бұл енді, жергілікті әкімдердің жұмысы. Яғни, қазір ол жұмыстар атқарылмайтын болса, онда көмір бағасының 17-20 пайызға дейін төмендеуі тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің қалтасына кететін болады. Тұтынушы бағаның ешқандай төмендеуін көрмейді», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Осыған орай Бақытжан Сағынтаев ендігі негізгі жұмыс, яғни, халықтың арзандатылған көмірге қол жеткізуі әкімдерге байланысты екендігін айтты.

«Үкімет, министрлік өз жұмысын жасады. Негізгі көмір өндірушілермен келісімшарттар жасалып, жұмыстың бәрі аяқталды. Енді, негізгі тұтынушыларға дейінгі жұмысты қолға алуды сұраймыз», — деді ол облыс әкімдеріне қарата.