Компанияны банкрот деп жариялау оңайлады

Бүгін Үкімет отырысы барысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. 

Қаржы министрі Ә. Смайылов хабарлағандай, бүгінде 4 мыңға жуық бизнес субъектілері банкроттық рәсімін, 400-ге жуық кәсіпорын оңалту рәсімін қолдануда.

Заң жобасының негізгі бағыттары оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін жағдайларды жеңілдету, рәсімдерді өткізу мерзімін қысқарту және жұмыс істемейтін борышкерлерді жеңілдікпен тарату болып табылады.

Ә.Смайыловтың айтуынша, оңалту рәсімін қолдану кезінде бүгінгі күні сотқа төлемдердің тоқтатылу фактісін ғана емес, сонымен қатар, борышкерде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігінің болуын анықтау қажет.

«Заң жобасы осы мәселені жеңілдетуді ұсынады: сот тарапынан үш айдан астам міндеттемелер орындалмағанына қоса «оң» балансы бар фактілерін анықтауы қажет болады. Бұл компанияның қаржылық жағдайын қалпына келтірілу мүмкіндігін растайды. Банкроттық бойынша да осылай», — деді қаржы министрі.

Мәселен, заң жобасында банкроттық процесін ашуға рұқсат беретін критерийлерін нақтылау ұсынылады. Сот субъектінің дәрменсіздігін дәлелдеу ретінде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінген күні «теріс» баланс фактісін анықтауы қажет болады. Ә.Смайыловтың айтуынша, осылайша, заң жобасымен белгісіздік жойылып, оңалту және банкроттық рәсімдеріне кіру жеңілдетіледі.

Сонымен қатар қазіргі кезде оңалту рәсімін қолдана алмай, банкроттыққа баруға мәжбүр болып отырған жеке кәсіпкерлерге оңалту мүмкіндігі берілетін болады.

«Соттың оңалту жоспары бекітілген сәттен бастап борышкердің шоттары мен мүліктеріне салынған барлық шектеулерді алып тастауы ұсынылады. Бұл компанияға соттық дауларға алаңдамай, жоспарлы шараларды орындауға кірісуіне мүмкіндік береді», — деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар, адал емес субъектілерідің оңалту рәсімін қолданбауы үшін, заң жобасымен шектеу шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, егер рәсімді қолданудан бас тарту туралы сот шешімі шығарылған күннен бастап алты ай өтпеген жағдайда, оңалтуды қолдануға тыйым салынады.

Оқыңыз:   Жаңа Салық кодексінде бірқатар жеңілдіктер бар

Банкроттық рәсімін өткізу мерзімдерін қысқарту мақсатында, кредиторлар процестің нәтижесіне тікелей қызығушылық танытатын тұлғалар болғандықтан, рәсімдерде оларға жетекші рөл берілген. Кредиторлар өз өкілеттіліктерін кредиторлар жиналысы және кредиторлар комитеті арқылы жүзеге асырады. Бірақ, кредиторлар жиналысы уақыт пен қаржы жағынан шығынды және барлық кредиторлардың қатысуын талап етеді, ал олардың саны он шақты, кей кезде жүзден асады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, орташа алғанда, бір банкротқа барлық кредиторлар жиналыстарын шақыруға 7,5 айға дейін уақыт жұмсалады.

«Кредиторлар жиналысының бірқатар өкілеттіліктерін тез әрекет жасайтын кредиторлар комитетіне беру ұсынылады. Осылайша, банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі айтарлықтай қысқарады деп күтілуде», — деді Ә. Смайылов. Комитетті, өз кезегінде, жиналыс сайлайды, оның өкілдік органы болып табылады, бірақ саны аз, әрі оны шақырту рәсімі жеңіл.

Бұдан өзге, заң жобасы кредиторларға банкротқа деген өз талаптарын тек арыз мерзімдері шегінде ғана мәлімдеуіне мүмкіндік береді.

Қолданыстағы заңнама әдейі және жалған банкроттық үшін тұлғалардың жауапкершілігін көздейтінін айта кеткен жөн. Алайда, одан әрі жетілдіру мақсатында ҚР ҚМ банкрот лауазымды тұлғаның кредиторлардың заңды құқықтары мен мүдделеріне мүлік зардабын тигізуі ретінде қылмысын нақтылау ұсынылды. Яғни, лауазымды тұлғаның мүлікті банкроттыққа шығарғаны және  кредиторлардың мүдделеріне залал келтіргені фактісін анықтау жеткілікті.

Сонымен қатар банкроттықтың нақты бенефициарларының, атап айтқанда іс-әрекеті нәтижесінде кәсіпорын банкрот болған тұлғалардың жауапкершілігін айқындауға мүмкіндік беретін  өзгерістер қарастырылған.

Бұдан басқа, әкімшілерді тартпай борышкерлердің жеңілдетілген банкроттық рәсімін енгізу ұсынылады. Бұл кәсіпкерлік жұмысын тоқтатқан борышкерлерді тез және артық шығынсыз таратуға мүмкіндік береді.

«Ұсынылған бастамалар оңалту және банкроттық рәсімдерінің бизнес субъектілері тарапынан қолданылуын 32%-ке белсендіреді,  мерзімдерін 25%-ға дейін және оларды жүргізуге шығындарды 40%-ға қысқартады деп күтіліп отыр, бұл Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингіндегі «Төлем қабілетсіздігін шешу» индикаторы бойынша Қазақстанның позициясына жағымды ықпалын тигізеді», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.

Оқыңыз:   5 млн-ның экспорты. Қазақстанның жиһаз өндірісі (фото)

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов заң жобасына енгізілетін түзетулер банкроттық және оңалту рәсімдерін жүргізу бойынша үрдістерге оң ықпалын тигізетінін атап өтті. Ұлттық палата бұл заңнаманы және оған енгізілетін түзетулерді қолдайды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйек айында Парламенттің алтыншы шақырылымының үшінші сессиясының ашылуында оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру қажеттігін атап айтқан болатын.