Жұмыс күнінің соңында мемқызметкерлердің компьютерлері автоматты өшіп қалады

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің алқа отырысы өтті.

Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлықтан азат, азаматтардың қажеттілігіне бағытталған мемлекеттік аппараттың қызметін жетілдірудегі Агенттіктің міндеттеріне тоқталды.

Атап айтқанда, бюджеттік шығындарды оңтайландыру мен үнемдеу негізінде  жаңа жүйе аясында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру жайы айтылды. Бұл кепілді және бәсекеге қабілетті ақы төленетін, тұтас мемлекеттік аппаратты құруға ықпал етеді.

Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірқатар қосалқы функцияларын Агенттіктің базасында құрылған Бірыңғай қызмет көрсету орталығына көшіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Одан бөлек, төраға мемлекеттік қызметшілердің жұмыстары мен жеке өмірі арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, барлық мемлекеттік органдарда икемді жұмыс уақыты мен жұмыс күнінің соңында компьютерлерді автоматты түрде өшіру жүйесі енгізілуі керек.

Мемлекеттік қызметкерлерді электрондық құжат айналымы жүйесіне қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін зерттеу қарастырылады.

«Жаппай «бұлттық» технологиялар енгізіліп жатқанда,  біз бүгінге дейін қызметкерлерді кабинетке байлау арқылы жұмысқа жаппай жұмылдыруға себепкер боламыз және басқару шешімдерін қабылдау үрдісінде қажетсіз әуре-сарсаңға саламыз», деді Шпекбаев.

Оқыңыз:   2016 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі экономикалық көрсеткіштер