Жаңа Салық кодексінде бірқатар жеңілдіктер бар

Жаңа Салық кодексінің жобасы бойынша Т.Сүлейменовтің баяндамасы. 

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті әріптестер!

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 44 және 45-қадамдарында, 2015 жылғы
30 қарашадағы және 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауларында, сондай-ақ 2017 жылғы 3 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын орындау шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі салалық министрліктермен бірлесіп және «Атамекен» палатасын қос алғанда, бизнес қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жаңа Салық кодексінің жобасын әзірледі.

(1-слайд). Жалпы Кодекс жобасында идеологияны өзгерту, ынталандыруды енгізу және әкімшілендіруді жеңілдету көзделген.

Идеология адал салық төлеушілерді қорғауға бағытталатын болады. Әкімшілендіру жеңілдетіледі және салықты өз бетінше төлеуге ынталандырады.

(2-слайд). Бірінші. Идеология
Идеология адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталады.
Біріншіден, барлық түсініксіз жерлері мен қателер салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Мұндай қағидат салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен болса және соның салдарынан ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады.
Үшіншіден, толық есепке жазу негізділігіне талап та күшейтілетін болады. Енді салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелер болуы тиіс.
Төртіншіден, бизнеске заңнамадағы өзгерістерді зерделеу көбірек уақыт беріледі. Түзетулерді 1 шілдеден кешіктірмей қабылдау ұсынылады.
Бесіншіден, жыл бойы көптеген түзетулерден қорғау пайда болады. Барлық туындаған түзетулерді шоғырландыра отырып бір заң жобасымен енгізу ұсынылып отыр. Бұл бизнестің салық кодексіндегі барлық өзгерістерден хабардар болуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Салық кодексінің құрылымы да өзгереді. Әрбір бөлім дербес көрсетіледі. Яғни, салық төлеушінің әр типіне қарай өз бөлімі болады.

(3- слайд). ЕКІНШІ. ШОБ және АӨК арналған режимдер.
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдерін сақтау көзделуде.
Баламалы жаңа режим ұсынылып отыр. Тіркелген шегеріс режимі. Бұл кімнің айналымы үлкен, бірақ табысы аз болса, солар үшін тиімді. Ол өз түсімінің жартысын растаусыз шегере алады. Ал егер шығыстарды есепке алуды жүргізетін болса, онда шығыстарын растағаны үшін сыйлықақы (шегерістер) алады. Салық төлеушілерге режимдерді таңдау құқығы беріледі.
«Жеңілдетілген декларация» бойынша режимге арналған жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де кірістерінің көлемі бойынша талап бірдей болады (қолданыстағы редакция: ЖК жұмыскерлер саны –25 адамнан артық емес, кіріс – 2800 МЖ-68,4 млн. теңге, ЗТ жұмыскерлер саны –50 адамнан артық емес,кіріс – 5600 МЖ-136,9 млн.теңге. Мыналар ұсынылады: жұмыскерлер саны 30 адамнан артық емес, кірісі жылына – 4100 МЖ-100 млн. теңгеден артық емес).
Патентте мөлшерлеме 2%-дан 1%-ға дейін төмендетіледі. Бұл Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізуге байланысты салықтық жүктемелерді төмендету үшін жасалуда.
Аграрлық сектор үшін де ынталандыру шаралары ұсынылып отыр.
Бірыңғай жер салығын төлеушілер айналамына қарамастан қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайды.

Оқыңыз:   Қазақстанда отандық фильмдердің өтімділігі 10% шамасында ғана

Еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету үшін шаруа- фермер қожалығының басшысына, мүшелеріне және жұмыскерлеріне салынатын әлеуметтік салықты алып тастау ұсынылуда. Қызметтің басқа түрлерін бөлек есеп жүргізу жолымен жүзеге асыруға рұқсат берілетін болады.

2020 жылдан бастап аталған режимде 0,5% (қазір бағалау құнына байланысты) мөлшеріндегі айналымнан алынатын салық белгіленеді.
Арнаулы салық режимінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қарама-қайшы келетін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер жойылады. Өйткені, Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес ішкі өндіріс тауарлары және импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс.
Олар үшін қолдаудың баламалы шаралары көзделетін болады.
Үлестес тұлғаларға арнаулы салық режимін қолданудағы шектеулер алып тасталады.

(4- слайд). ҮШІНШІ. Жер қойнауын пайдалану.
Жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылатын болады.
Әлемдік тәжірибені ескеріп, тау-кен саласы үшін жүктемені көмір бойынша экспортқа рента салығына ауыстыра отырып, үстеме пайда салығын алып тастау ұсынылады. Әлемдік тәжірибеде тау-кен саласы үшін мұндай салық жоқ. Шын мәнісінде, аталған салықты тек көмір өндіруші компаниялар төлеп келген.
Сондай-ақ, табысты барлау жүргізуді ынталандыру мақсатында коммерциялық табу бонусын алып тастау жоспарлануда.
Теңіз және терең мұнай кенорындары үшін жер қойнауын пайдалануда неғұрлым қарапайым баламалы салық ұсынылады.
Қатты пайдалы қазбаларды барлауды жеделдету үшін жалдау төлемдерінің тетігі енгізіледі.
Бір заңды тұлға шеңберінде басқа өндіру келісімшартында табыссыз барлаудың шығыстарын ескеру мүмкіндігі ұсынылады.
Мұнай мен газды өзіндік құнынан төмен өткізу кезіндегі кірістерді анықтау бойынша тәсілдер қайта қаралады.
Сондай-ақ, қалайыға арналған пайдалы қазбаларды өндiруге арналған салығының мөлшерлемесін 6%-дан 3%-ға төмендету ұсынылады. Бұл металлургияның жаңа саласы – қалайы өнеркәсібін қолдау үшін жасалып отыр.

(5- слайд). ТӨРТІНШІ. Қаржы секторы.
Қаржы секторын сауықтыру үшін сондай-ақ ынталандыру шаралары ұсынылып отыр.
Күмәнді активтерді басқару ұйымының (КАБҰ) сатып алынған мүлкіне салық салуды екітүрлі түсіндіру жойылатын болады.
Жеке тұлғалар үшін қарызды кешіру кезінде жеке табыс салығынан босату көзделуде.
Проблемалық активтерді коллекторларға беру кезінде коллектордың дисконтына активті өтегеннен кейінгі факті бойынша салық салынатын болады.
Жинақтаушы сақтандыруға жеке табыс салығын салу тәртібін өзгерту ұсынылады.

(6- слайд).БЕСІНШІ. Нақты сала.
Арнайы инвестициялық келісімшарт (АИК) шеңберінде автомобиль шығару үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылады.
Сонымен, жинақтауыш импорты (шикізаттар мен материалдар), сондай-ақ арнайы инвестициялық келісімшарты бойынша өндірілген тауарларды өткізу бойынша айналым қосылған құн салығынан босатылатын болады.
Сондай-ақ, қаржылық лизингке мүлікті беру, егер берілетін мүлік қосылған құн салығынсыз сатып алынған және арнайы инвестициялық келісімшарты тауарларының тізбесіне енетін болса қосылған құн салығынан босатылады,
Лизингтер бойынша операциялардың сыйақы сомаларының корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктері ұзартылады.

(7-слайд). Инвестициялық жобалар.
Қазірде инвестициялық преференциялар тек жаңа жобаларға және жаңа кәсіпорындарға ғана ұсынылады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қазіргі жұмыс істеп тұрған қуаттылығын жаңғырту және реконструкциялау кезінде жеңілдіктері көзделмеген.
Мұндай кәсіпорындарды ынталандыру үшін жаңғырту және реконструкциялау бойынша жобаларды іске асырып отырған жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылады. Жеңілдіктер жаңғырту және реконструкциялау аяқталған сәттен бастап 3 жылдан артық емес мерзімде және инвестициялар 5 млн. айлық есептік көрсеткіштен кем емес жағдайда қолданылады.

Оқыңыз:   Әлия Назарбаева "Томирис" фильміне продюсерлік етеді

(8- слайд). АЭА салық салу.
Салықтық жеңілдіктерінің ынталандырушы рөлін күшейту үшін арнайы экономикалық аймаққа қатысушылары үшін жеңілдіктерді қолдану шартын кеңейту ұсынылады.
Құрылыс кезеңінде қызметтің басым түрлерінен кірістің болмауына байланысты «90/10» кірісінің арақатынасы сақталмайды және тиісінше, мүлікке және жер салығына салық салу бойынша жеңілдіктер қызметтің бастапқы кезеңінде қолданылмайды.
Жеңілдіктерді тиімді ету мақсатында жеңілдік берілген және басқа қызметтен бөлек есеп жүргізу және жер салығы және мүлік салығы бойынша салықтық жеңілдіктерді тіркелген сәттен бастап беру ұсынылады.
«ИТП» АЭА қатысушылары үшін эксаумақтық режимін 2028 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр.
Сондай-ақ, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына қатысушылары үшін әлеуметтік салық бойынша жеңілдіктердің шарты еңбекке ақы төлеу шығыстарының жалпы шығыстарға арақатынасына (қолданыстағы шарт: «еңбекке ақы төлеу шығыстары ЖЖТ-ның 50%-ынан кем емес»; ұсынылып отырған шарт «еңбекақы төлеу қорының шығыстардың жалпы сомасына арақатынасы 70/100») байланыстырылатын болады.

(9-слайд). АЛТЫНШЫ. Жеңілдіктер.
Жеңілдіктерді жаңғырту бөлігінде нақты өзгерістер арқылы олардың тиімділігін арттыру ұсынылып отыр. Атап айтқанда аукциондардан алынатын алымдар (жергілікті бюджеттердің шығыны 616 млн.теңге) және кеме жүзетін су жолдарын пайдалану төлемдері (жергілікті бюджеттердің шығыны 20 млн.теңге) алып тасталады, өйткені мемлекет аталған жағдайларда қызмет көрсетпейді және рұқсат бермейді.
Сондай-ақ аталған кезеңде бірқатар жеңілдіктерден бас тарту ұсынылып отыр. Оларға: ойын автоматтары қызметі бойынша айналымдарды, лотерея билеттерін өткізуді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, пошта маркаларының импортын босату жатады.
Сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымдарының талаптарына қарама-қайшы келетін жеңілдіктер алып тасталады, өйткені Дүниежүзілік сауда ұйымдарының талаптарына сәйкес ішкі өндіріс тауарлары және импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс.

(10-слайд). ЖЕТІНШІ. Әкімшілендіру.
Үш векторлы әкімшілендіру ұсынылады, қосылған құн салығы бойынша есепке қою үшін ең аз шегін сақтау, бақылауға алынатын қосылған құн салығы енгізу, шағын және орта бизнес үшін 3 жылдан 5 жылға дейін талап қою мерзімін қысқарту және басқа өзгерістер ұсынылады.
Бұл туралы барынша толық менің әріптесім Сұлтанов Бақыт Тұрлыханұлы айтып береді.

(11-слайд). Негізгі салық новеллалары осындай. Жаңа идеология, жаңа ынталандырулар және жаңа әкімшілендіру әдістері сапалы жақсарулардың негізі. Салық жаңалықтарын қабылдауға байланысты салық даулары азаяды, тексерулер саны төмендейді, әкімшілендіру оңайлатылады. Шикізатты қайта өңдеу ынталандыруға ие болады, кредиттеу қолдау табады, агроөнеркәсіптік кешен және шағын және орта бизнес үшін қолайлы режим қалыптасады. Салық саясаты жалпы ашық және айқын болады.

Назарларыңызға рахмет!