Енді Үкімет пен Ұлттық банк жұмысында қандай өзгеріс болуы ықтимал

Үкімет пен Ұлттық Банк халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономикалық өсуді арттыру, инфляциялық процестерді төмендету және қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде жүргізіліп отырған саясаттың сақталатынын мәлімдейді.

Үкімет пен Ұлттық Банк бұрын берілген тапсырмаларды және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жария етілген бастамаларын орындайды.

Мемлекеттік бағдарламаларды және құрылымдық реформаларды іске асыру Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының және «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына тиімді қол жеткізу үшін жалғастырылады.

Ағымдағы жылы экономиканың өсуі 3,8%-дан төмен емес деңгейде, ал инфляция 4-6% дәлізде болады деп күтілуде.

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған орнықты болжамды фискалдық саясатты жүргізуді жалғастырады. Барлық бюджеттік міндеттемелер және әлеуметтік бастамалар толық көлемде орындалады. Бағаның, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер бағасының негізсіз өсуін болдырмауға ерекше назар аударылады.

Ұлттық Банк төмен инфляцияны қолдауға бағытталған болжамды ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Валюта нарығындағы, банк секторындағы және қаржы нарығының басқа сегменттеріндегі ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданады.

Ұлттық Банкте алтынвалюта активтерінің жеткілікті көлемі, сол сияқты теңгенің айырбастау бағамын алыпсатарлық төмендетудің алдын алу үшін, реттеу құралдарын қоса алғанда, қажетті құралдар бар.

Ағымдағы экономикалық ішкі және сыртқы факторлар ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді. Теріс тәуекелдер туындаған жағдайда Үкімет пен Ұлттық Банктің олардың салдарларын барынша азайту және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін ресурстары бар.

Оқыңыз:   Биылға дейін қанша түлек "Дипломмен ауылға" барды?