Дүниежүзілік банк өкілі доллар бағамын төмендету әдісін атады

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун Қазақстанның қаржы нарығының шетел банктері үшін қаншалықты тартымды екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы үш жылда елеулі реформа болғанын көріп отырмыз, кейбір банктер бірігіп жатса, біршамасы нарықтан кетуге мәжбүр болды. Яғни, реформалар басталғанымен, қандай да бір нәтижелер көрініп, жүзеге асуы үшін белгілі бір уақыт керек. Менің ойымша, алдағы кезде оңтайлы өзгерістердің нәтижесі көрінеді», — деді ол Астанада құқықтық мәдениетті көтеру тақырыбындағы жиын барысында тілшілерге жауап бере отырып.
Сарапшының атап өтуінше, толықтай қалпына келу процесі туралы айту үшін, несиелер нарыққа қайта оралған кезеңді күту керек.
«Шын мәнінде Қазақстан нарығы айтарлықтай үлкен емес, алайда ол Орталық Азияға, жалпы Еуразия нарықтарына шығуға қолайлы болып отыр. Осы кең мүмкіндіктер шетел банктерінің қызығушылығын туғызады, сәйкесінше, ауқымды өңір үшін Қазақстан қаржылық хаб және қаржы орталығы бола алады», — деді Ато Браун.
Мұнымен қоса, ол теңгенің еркін бағамына қатысты пікір білдірді.
«Бұл шешім қажет болғаннан кейін қабылданды. Сондықтан осы бағыттағы дұрыс шаралар Қазақстанға өзінің бәсекеге қабілетін сақтап қалуға, халықаралық нарықта жағдайды түзеуге жол ашты. Жалпы, қазіргі кезде еркін бағамның ауытқуын шектеу керек. Бұған импортты азайту арқасында қол жеткізуге болады. Қазақстанда жеке өндірісін, экспортын арттыруға барлық мүмкіндіктер бар. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді», — деп түйді Дүниежүзілік банк өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Ато Браун Қазақстанда ЖІӨ өсімі бойынша болжамдағы көрсеткіштердің жоғарылауына байланысты пікір білдірді.
Оқыңыз:   Жемқорлықтың жазасы жеңіл емес