Геологтар Қазақстаннан сирек металлдар іздейді

Елімізде «Қазақстанның негізгі кен провинциялары бойынша сирек жер металдары кен орындарының перспективаларын бағалау» жобасын іске асыру басталды, деп хабарлайды «Қазгеология» АҚ  баспасөз қызметі.

Шара ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында сирек кездесетін және сирек жер металдарын өндіруді дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған жоспарының» шеңберінде жүзеге аспақ.

Тәуелсіз Қазақстанда мұндай жоба алғаш рет жүзеге асырылуда және сирек жер металдары шикізатының әлем нарығында тапшылығына байланысты мейлінше өзекті мәселе болып табылады. Қазақстанның аумағында барлығы 18 перспективалы учаске алдын ала бөлініп, компания олар бойынша күтіліп отырған ресурстарды бағалап, Қазақстанда сирек жер металдарын өндіруді дамытудың салалық бағдарламасының нысанында одан әрі бағалау жұмыстарын жүргізудің бағыттарын әзірлейді.

«Қазгеология» АҚ  жобаны орындау үшін орталықтары Өскемен, Алматы және Қарағанды қалаларында орналасқан Қазақстанның Шығыс, Орталық, Оңтүстік және Солтүстік-батыс өңірлеріндегі учаскелерді бағалау үшін компания геологтарының ішінен төрт топ құрды. Жоба өзінің мәні бойынша тақырыптық ғылыми зерттеулерге жақындайды әрі оны іске асыру үшін жобаға ғылыми әріптес ретінде Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институты қатысып жатыр.

Сондай-ақ, жұмыс тобына геология-минералогия ғылымдарының докторы Б.Рақышев, геология-минералогия ғылымдарының кандидаттары А. Антоненко, Р.Губайдуллин және басқа да Қазақстанның ғалым геологтары кірді. «Қазгеология» АҚ  мамандары күні бүгін Орталық Қазақстанда Ақмая-Жәнет  учаскесінде 408 қ.км, Қоңырат учаскесінде 196 қ.км рекогносцировкалық геологиялық маршруттардан өтіп, учаскелерде минералдану аймақтарын зерттеу үшін іздеу маршруттарын салды. Бұдан басқа, компания Орталық Қазақстанның Ақмая-Жәнет, Қоңырат және Көктенкөл  учаскелерінде бұрғылау жұмыстарын орындауға кірісті.

Сондай-ақ, Ақмая-Жәнет  учаскесінің Байназар кен орнында мамандар әрқайсысының тереңдігі  80 қ.м 2 ұңғыманы бұрғылады, сондай-ақ оларда 30 қ.м бұрғыланған 3-ші және 4-ші ұңғымаларда жұмыстар басталды. 2017 жылға арналған жұмыстар жоспарына сәйкес осы жоба бойынша жалпы көлемі 1440 қ.м 18 ұңғыма бұрғылау жоспарланды.

Оқыңыз:   Апта соңы мұнай бағасы тұрақталды

Бұдан басқа, осындай жұмыстар  солтүстік-батыс өңірінде жүргізілуде, атап айтқанда, Айыршоқы-Надеждинский учаскесінде күні бүгін көлемі 325 км рекогносцировкалық геологиялық маршруттар, 29 км іздеу маршруттары орындалып, 22 сынама мен 52 үлгі іріктеп алынды.

Сондай-ақ, геологтар Қостанай облысының Жітіқара алаңында іздеу маршруттарын бастады, тиісінше Шығыс және Оңтүстік өңірлерінде Қалба учаскесі мен Қарақамыс алаңында рекогносцировкалық және таукен жұмыстары орындалуда. Компанияға 2 жыл мерзім ішінде Қазақстанның барлық негізгі сирек жер металдары кен провинциялары бойынша даладағы талдамалық растау жұмыстары жүктелген, олардың нәтижелері бойынша геологиялық зерттеулерді одан әрі жүргізу жөніндегі бағдарлама әзірленіп, ол ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне тапсырылады.