Ақышевтің БЖЗҚ қаржысын жеке компанияға беру шешімін Келімбетов “қауіпті” деп атады

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов жеке компанияларға зейнетақы қаржысын басқару мүмкіндігін беруге қатысты ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтың ұсынысын «қауіпті» деп бағалады.  

Бұл жайында ол саясаттанушы Досым Сәтпаев пен «Қаржылық еркіндік» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің басшысы Бота Жұмановаға берген сұхбатында мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ойымша, бұл ұсыныс қауіпті, айтарлықтай зардапсыз емес. Себебі зейнетақы қоры активтері салымының негізгі проблемасы – ол біріншіден, жоғары инфляция. Ол ешқайда кеткен жоқ, сондықтан біз таргеттеуге көштік. 6-7 пайыз – бұл кез келген қоғам үшін жоғары инфляция. Кез келген зейнетақы қоры инфляциядан жоғарылау «тұруы» керек. Екіншіден, дамымаған қаржы нарығы. (…) Егер де ертең азамат ақшасын салатын болса, бірақ қайда бағыттайды? Ол Ұлттық банк салып отырған мемлекеттік бағалы қағаздарға салады. Егер бұл шетелдегі салым ретінде қарастырылса, онда ол шараларды орталықтандырылған құрылым жасауы тиіс.(…) Кезінде Дүниежүзілік банк, яғни 2013 жылы бізге 100 пайыз шетелде инвестициялау туралы ұсыныс берген. Барлығы доллармен жүзеге асырылады және ешқандай проблема болмайтынын алға тартқан еді. Бұл да қауіпті ұсыныс. Себебі сол кезде Қазақстандағы «ұзақ» ақша қайда деген сауал туындайды. Инфрақұрылымды қалай қаржыландырамыз? Бюджеттің тапшылығын қалай  қаржыландырамыз?  «Самұрық-Қазына» қорының корпоративті облигацияларын қалай инвестициялаймыз?»,-деп тоқталды Қайрат Келімбетов.

Оның пайымынша, Ұлттық қорды басқару моделі бойынша БЖЗҚ-ны да солай басқару керек.

Естеріңзге сала кетейік, таяуда ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев зейнетақы жүйесіне кейбір өзгерістерді ұсынды.

«Біздің ойымызша, әрбір адам басқарушы компанияны таңдау мүмкіндігіне ие болуы үшін бәсекелестікті қалпына келтіру қажет. Яғни азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын басқартуға сенім білдіріп, сәйкесінше, ол инвестициялау стратегиясын таңдай алады. Бұл ретте адамда таңдау жасау мүмкіндігі болады. Егер оған Ұлттық банк ұнамаса, онда жеке компанияға бара алады. Бұл біз ұсынып отырған базалық ұстаным»,-деді ол Астана экономикалық форум аясында өткен баспасөз мәслихатында.

Оқыңыз:   2016 жылы 50 мың қазақстандық жалақы алмады